Семейде заманауи қондырғылармен жабдықталған жаңа инсульт орталығы пайда болады. Жобаны Семей медицина университеті жергілікті билік пен Жапония үкіметінің қолдауымен жүзеге асырып отыр.
Семейге Хиросима префектурасының губернаторы мен Жапонияның Қазақстандағы елшісі бастаған шетелдік делегация келді. Тараптар Медицина университетімен ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады және университет ауруханасында болды, балалар бөлімшесі мен рентген эндоваскулярлық зертхананың жұмысымен танысты. Жапон тарапы жаңа Орталықтың жобасын зерделеп, бастаманы қолдауға дайын екенін білдірді.
Алтай Дүйсіпов, «Семей медицина университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы – ректоры:
– Жапониямен ынтымақтастық аясында болашақ инсульт орталығын жарақтандыруға және халқымызға сапалы көмек көрсетуге мүмкіндік беретін медициналық құрал-жабдықтар, оның ішінде жаңа МРТ, КТ және т.б. жабдықтар түрінде грант бөлу жоспарлануда.
Бүгінде Семей қалалық жедел жәрдем ауруханасында инсульт орталығы бөлімшесі жұмыс істейді. Алайда, ол жерде орын тапшылығы бар – палаталар толып, аурушаңдық деңгейі жоғары болып қалуда. Қан айналымы ауруларынан болатын өлім 30%-ға жетеді. Сондықтан жаңа Орталықтың ашылуы мамандандырылған көмектің қолжетімділігін арттырады.
Хидехико Юзаки, Хиросима префектурасының губернаторы:
– Инсульт мәселесі Жапония үшін де өзекті. Біздің мақсатымыз – ауруларды ерте кезеңде анықтау және науқастарды сапалы емдеу және оңалту. Алдағы уақытта да медицинаның дамуына үлес қосуға дайынбыз.
Ол бұрынғы облыстық оңалту орталығының ғимаратында орналасады. Қазір мамандар ғимаратты Медицина университетінің балансына беру рәсімін аяқтап жатыр. Мекеме 2026 жылдың аяғында үй-жайларды жөндеуден өткізіп, жабдықтарды орнатқаннан кейін жұмысын бастайды.