Астанада алғаш рет Азия паралимпиада комитетінің ірі іс-шаралары өтеді
Тарихта тұңғыш рет Орталық Азияға Азия Паралимпиада комитетінің (АПК) екі ірі іс-шарасын – Конференция мен 8-ші Бас Ассамблеяны өткізу тапсырылды. Астанада 45 елден 190-нан астам делегат, оның ішінде жаһандық паралимпиада қозғалысының жетекшілері бас қосқан іс-шаралар өтіп жатыр.
Талқылаулар жастар мен әйелдердің қатысуын ұлғайту, жіктеу жүйесіндегі инновациялар, көшбасшылық пен спортшылардың әл-ауқаты саласындағы озық тәжірибелерге арналады. Параспортшыларға Қазақстанда бейімделетін жаңа медициналық талаптарға ерекше назар аударылады.
Инклюзия — бұл бір реттік жетістік емес, үнемі жұмыс істеу керек тапсырма. Осы деңгейге жетуді армандадық. Біздің барлық әрекеттеріміздің ортасында спортшылар тұр. Біз сіздердің табысты тәжірибелеріңізді барынша пайдаланғымыз келеді, — деп атап өтті Азия Паралимпиада комитетінің президенті Маджид Рашед.
ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов атап өткендей, елімізде паралимпиадалық спорттың тоғыз түрі дамыған, жыл сайын 10 мыңға жуық қатысушыны біріктіретін 800-ден астам жарыс өткізіледі. Қазақстандық спортшылар ондаған халықаралық турнирлерге қатысып, жүлделі орындарға ие болуда.
— Паралимпиадашыларымыздың жетістіктері жоғары, олардың арасында аты аңызға айналған Зульфия Ғабидуллина, Александр Колядин, Давид Дегтярев, Ақмарал Науатбек бар, — деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл іс-шаралардың Астанада өтуі Қазақстанның паралимпиада қозғалысын дамытуға қосқан үлесін мойындау және еліміздің жаһандық спорт аренасында сенімді серіктес ретіндегі мәртебесін растау болып табылады.
Іс-шаралар бағдарламасы 13 тамызда Астана Конгресс-Орталығында паралимпиада спортындағы көрнекті жетістіктерді марапаттайтын Азия марапаттарын тапсыру рәсімімен аяқталады.
0