Ұлттық банк Қазақстанда 500 теңгелік және 20 000 теңгелік жаңа дизайндағы банкноттарды айналымға шығарады.
Жаңа банкноттарды шығару жоспары туралы реттеуші орган Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабында мәлім етті.
«2025 жылдың төртінші тоқсанында 500 теңгелік жаңа үлгідегі банкноттар айналымға енгізіледі, ал 2026 жылы – 20 000 теңгелік банкноттар», – деп хабарлады Ұлттық банк.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың басында Ұлттық банк 500 теңгеден 20 000 теңгеге дейінгі барлық банкноттарды жаңаға алмастыру жоспарымен бөліскен болатын.
Міне, «Сақ стилі» сериясындағы 500 теңгелік жаңа банкноттың бейнесі осындай.
Ал «Сақ стилі» сериясындағы 20 000 теңгелік жаңа купюра осындай.
Жаңа банкноттардың дизайны дәстүрлі қазақ ою-өрнегінің бастау көзі саналатын және елдің мұрасын – бірегей көшпелі мәдениеттен бастап қазіргі Қазақстанға дейінгі құндылықтарды бейнелейтін «Сақ стилі» элементтеріне негізделген.
Еске сала кетейік, жаңа сериядағы алғашқы банкноттар – 2023 жылы шығарылған 5000 теңгелік купюралар болды.
2024 жылдың маусым айында Қазақстанда 10 000 теңгелік жаңа купюралар шығарылды. Сол жылдың соңында айналымға 2000 теңгелік жаңа банкноттар түсті.
Ал 2025 жылдың 28 наурызынан бастап Ұлттық банк 1000 теңгелік жаңа дизайндағы банкноттарды айналымға енгізді. Бұл банкноттар жаппай айналымға 2025 жылдың екінші жартысында шығарылады.