Әуелі жаңа ғимаратты жаңғыртады, содан кейін ескі ғимаратқа кіріседі.
Қазақстан астанасындағы «Астана-1» вокзалында күрделі жөндеу жұмыстары басталды, деп хабарлады «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы.
Кешен екі ғимараттан тұрады: бірі – 1990 жылы, екіншісі – 1961 жылы салынған. Бірінші кезеңде жөндеу жұмыстары жаңа ғимаратта жүргізіледі. Ал жолаушыларға кедергісіз қызмет көрсетуге қажетті жағдай жасалған ескі ғимараттың реконструкциясына екінші кезеңде кірісу жоспарланған.
«Жалпы аумағы 11 174 шаршы метр болатын вокзалға көптеген жылдар бойы күрделі жөндеу жүргізілген жоқ. Вокзал үш лифтпен, 10 эскалатормен жабдықталған және үш қабылдау-жөнелту жолы бар. Жобаға 100-ден астам жұмысшы және бес бірлік арнайы техника тартылған. Ерекше көңіл инженерлік желілер мен желдету жүйесін жаңғыртуға бөлінуде», – деп хабарлады компания.
Ғимаратта шатыр, қасбет, баспалдақ марштары мен жолаушылар платформалары жөнделмек. Платформаларда жарықтандыру жүйесі жаңартылады. Сондай-ақ инженерлік жүйелерді алмастыру, санитарлық тораптарды жаңарту және ішкі бөлмелерді әрлеу көзделген.
«М үгедектігі бар адамдарға қолжетімділік қамтамасыз етіледі, заманауи ақпараттық табло, байланыс құрылғылары орнатылады. Күту залдары, ана мен балаға арналған бөлмелер мен мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға арналған жиһаз жаңартылады. Қимыл датчиктері бар дыбыссыз эскалаторлар орнатылып, ғимарат қасбетіне заманауи жарықдиодты сағаттар қойылады», – деп толықтырды ҚТЖ.
Алғашқы жартыжылдықта вокзал тәулігіне 26 жұп пойызды қабылдап-жөнелткен, күніне 10 мыңнан астам жолаушы өткен. Компания өкілдері республика бойынша 100-ден астам вокзалда жөндеу жұмыстары ҚТЖ есебінен жүргізіліп жатқанын атап өтті.