Астанада 13-14 қыркүйек күндері кезекті аймақтық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Бұл жолы Қызылорда және Ақтөбе облыстарының тауар өндірушілері өз өнімдерін ұсынады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жәрмеңкеде аталған өңірлердің шаруалары ет, балық, сүт, бақша өнімдері, бакалея, көкөніс пен жеміс-жидек сынды түрлі тауарды ұсынады. Барлық өнім тікелей фермерлерден жеткізіледі. Бұл – азық-түліктің қолжетімді болуына әрі отандық өндірушілерді қолдауға мүмкіндік береді.
Астанаға 650 тоннадан астам өнім әкелінеді. Оның ішінде 210 тонна бақша дақылдары, 200 тонна бакалея өнімдері, 90 тонна ет пен ет өнімдері, 60 тонна көкөніс пен жеміс-жидек, 24 мың дана жұмыртқа, 22 тонна балық, 17 тонна сүт өнімдері, шамамен 30 тонна өзге де азық-түлік бар.
Елорда тұрғындары мен қонақтары өңірлердің шығармашылық ұжымдарының қатысуымен өтетін концерттік бағдарламадан да ләззат ала алады. Жәрмеңке сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылы жәрмеңке «Қазанат» ипподромы автотұрақ аумағында, Қарқаралы тасжолы, 1 мекенжайы бойынша өтуде.
Сондай-ақ, елорда тұрғындары мен қонақтарының ыңғайлылығы үшін жәрмеңке өтетін орынға №18, 37 және 303 бағытындағы автобустар қатынайды.