Нархоз университетінде ITMLab жобасының екінші маусымына арналған Intro Day өтті. Іс-шарада 40 команда мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған инновациялық технологиялық шешімдерін ұсынды. Шараны ITeachMe қоры Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Chevron компаниясының қолдауымен ұйымдастырды.
Қатысушылардың географиясы Алматы, Астана, Тараз, Шымкент, Ақтау, Павлодар, Талдықорған, Ақтөбе және басқа да қалаларды қамтып, бастаманың ұлттық ауқымын және маңыздылығын айқындайды.
Биылғы жылы командалар инклюзивті шешімдердің кең спектрін ұсынды: төменгі аяқ-қолдарға арналған экзоскелет прототипі, ДЦП-мен ауыратын адамдарға жасанды интеллект элементтері бар интерактивті ауызішілік капа, көру қабілеті төмен жандарға арналған кеңістікте бағдарлауға көмектесетін ақылды көзілдірік. Сондай-ақ жобалардың арасында ым тілін нақты уақыт режимінде ауызша сөзге аударатын HandInHand атты жасанды интеллект негізіндегі платформа бар.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай құттықтау сөз сөйлей отырып, мұндай бастамалардың жоғары маңыздылығын атап өтті.
«Бүгінгі күн – инновациялар мен жаңа идеялардың күні. Мен бірнеше рет айтқанмын: дәл жастар бізге кейде мүмкін еместей көрінетін шешімдерді жүзеге асыра алады. Олардың батылдығы мен креативтілігі жаңа тәсілдерді туғызады, күтпеген мүмкіндіктерді ашады және үйреншікті нәрселерге басқа қырынан қарауға мүмкіндік береді. Мұның бәрі бір үлкен мақсат үшін – Қазақстанда әркімнің дамуы мен өзін-өзі жүзеге асыруына тең мүмкіндік беретін шын мәніндегі инклюзивті орта құру», – деп атап өтті Виктория Шегай.
Вице-министр жобаның практикалық нәтижелері туралы да айтты. Өткен жылы 6 финалист команда ерекше әзірлемелерін ұсынды, олардың ішінде көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған сенсорлы кулон, оңалтуға арналған экзоскелет және ым тілінен аударма жасайтын қосымша болды.
«ITeachMe қоры және Chevron компаниясының қолдауымен Қазақстандағы мүмкіндігі шектеулі адамдардың қажеттіліктері мен сұраныстарын талдау бойынша зерттеу жүргізілді. Бұл бірқатар сұранысқа ие техникалық шешімдерді анықтауға мүмкіндік берді. ITMLab жобасы оларды жүзеге асырудағы маңызды қадам болды. Бүгін ұсынылған идеялардың әлеуеті өте зор екеніне сенімдімін. Дәл осындай жобалар елімізді күшейтеді, жаңа көкжиектер ашады және тұрақты әрі инклюзивті дамуға жағдай жасайды», – деп қорытындылады Виктория Шегай.
Презентациялар қорытындысы бойынша қазылар алқасы үздік 20 команданы таңдады, олар өз жобаларын келесі кезеңде – трекингте жалғастырады.
Айта кетейік, ITMLab жобасы екінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Биылғы маусымда жоба ұлттық деңгейге шығып, қатысушылардың географиясы едәуір кеңейді. Жоба мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған технологиялық шешімдер жасауға арналған платформа болып табылады және оны ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің және Chevron компаниясының қолдауымен ITeachMe қоғамдық қоры жүзеге асырады. Бірінші маусым қорытындысы бойынша үздік 6 стартап жоба прототиптерді жүзеге асыруға грант иеленді.