Алматы қаласының Жетісу ауданында жаңа инклюзивті балалар алаңының ашылуы өтті. Нысан «Бақытты отбасы» отбасын қолдау орталығының жанында, Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысында орналасқан.
Қала әкімдігінде хабарлағандай, алаңның басты ерекшелігі – оның барлық балаларға, соның ішінде ерекше қажеттіліктері бар бүлдіршіндерге қолжетімділігінде. Мұнда балалардың физикалық мүмкіндіктеріне қарамастан, бірге ойнауына, дамуына және әлеуметтенуіне жағдай жасайтын ойын және спорттық кешендер қарастырылған.
Жетісу ауданы әкімінің орынбасары Данияр Әлкебайұлы бұл жобаның «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүзеге асқанын атап өтті.
«Үлкен жол айрығының құрылысы аяқталғаннан кейін мұнда бірнеше бос аумақ пайда болды. Сол кеңістіктің бірін инклюзивті алаң салуға пайдалануды ұйғардық. Алаңға серуендеу аймақтары, шағын сәулеттік нысандар және отбасы құндылығы мен ұрпақтар сабақтастығын бейнелейтін «Бақытты отбасы» мүсіні орнатылды», — деді ол.
Ашылу салтанатына «Бақытты отбасы» отбасын қолдау орталығының өкілдері, қалалық Мәслихат депутаттары мен аудан әкімі аппаратының қызметкерлері қатысты. Мерекелік көңіл-күйді аниматорлар сыйлап, балалар қуана-қуана әткеншектер мен карусельдерді сынап көрді, ал құрметті қонақтар бүлдіршіндерді тәттілермен қонақ қылды.
«Менің бес балам бар, соның екеуі мектепке дейінгі жаста. Олар ауданымызда осындай әдемі әрі қауіпсіз алаңның пайда болғанына қатты қуанды. Енді бізде бүкіл отбасымызбен келе алатын орын бар», — деп әсерімен бөлісті көпбалалы ана Айгерім Қуатова.
Алаң заманауи ойын және спорттық элементтермен, 200-ден астам шаммен және 12 бейнабақылау камерасымен жабдықталған. Ыңғайлылық үшін 22 орындық орнатылып, қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз ету мақсатында көгалдандырылған аумаққа автоматты суару жүйесі жасалған.
Абаттандыру жұмыстары әлі де жалғасуда: көршілес бос кеңістіктерде спорт аймағы, эко-алаң және гүлзар пайда болады.
Әкімдікте атап өткендей, қолжетімді әрі инклюзивті қалалық инфрақұрылым құру Алматының дамуының басты басымдықтарының бірі болып белгіленген. Жаңа алаңның ашылуы қаланың барлық тұрғындары үшін қолайлы әрі мейірімді орта қалыптастыруға ұмтылатынының жарқын дәлелі болды.