
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Enbek» цифрлық экожүйесі аясында әлеуметтік-еңбек саласы мәселелері бойынша Қоңырау орталығы (бұдан әрі – Қоңырау орталығы) жұмыс істейді. Азаматтармен кері байланысты жеделдету және операторлардың жүктемесін азайту мақсатында биылғы жылдың сәуір айында интеллектуалды чат-бот іске қосылды. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша жасанды интеллект 18,7 мыңнан астам өтінішті өңдеді.
Интеллектуалды чат-бот Қоңырау орталығымен алғашқы өзара әрекеттесуді автоматтандыруға арналған: пайдаланушыларға анықтамалық ақпарат беру, типтік сұрақтар бойынша кеңес беру, сондай-ақ қажет болған жағдайда өтініштерді тиісті бөлімшелерге жолдау.
Чат-бот өтініштер үшін бірыңғай кіру нүктесі ретінде жұмыс істейді және мынадай мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді:
– мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік қолдау шаралары туралы ақпаратты жедел ұсыну;
– цифрлық платформаларда пайдаланушыларға навигация бойынша қолдау көрсету.
Жүйеге жүктелген білім базасы негізінде чат-бот типтік өтініштерге автоматты түрде жауаптар қалыптастырады. Қазақ және орыс тілдері қолданылады, бұл барлық санаттағы пайдаланушылар үшін қолайлылықты қамтамасыз етеді.
Чат-ботты енгізу сұраныстарды өңдеу жылдамдығын арттыруға, операторлардың жүктемесін азайтуға және азаматтарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта өтініштердің 96%-ына дейінгі бөлігі, соның ішінде мәтіндік және дауыс арқылы жолданған сұраныстар, жасанды интеллекттің көмегімен автоматты түрде өңделеді.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы биылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында белсенді цифрландыруды және жасанды интеллектіні енгізуді қамтамасыз етуді тапсырған болатын.