Батыс Қазақстан облысында 7 мыңнан астам бала инклюзивті біліммен қамтылған. Оларға шамамен 600-ге жуық маман – психологтар, логопедтер мен дефектологтар жұмыс істейді. Ыңғайлы жағдайлар «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған мектептерде де жасалған. Соның бірі Бәйтерек ауданы Байқоныс ауылында ашылды.
Бұл кабинет арнайы орталыққа көбірек ұқсайды. Мұнда дамытушы ойындар, ұсақ моторика мен математикаға арналған конструкторлар, құм терапиясына арналған жабдықтар және жарық панельдері бар. Дәл осы жерге 3-сынып оқушысы Амина Ахон асыға келеді. Мұнда оған назарын қалпына келтіруге, есте сақтау қабілетін дамытуға көмектеседі.
Сағадат Мендыбаев, логопед-дефектолог:
– Алғашында түстерді ажыратуда қиындықтар болды. Қазір айтарлықтай нәтиже бар – зейіні мен жады жақсарды, сабаққа қызығушылығы пайда болды. Барлығы ойын түрінде өтеді. Біздің кабинет заманауи талаптарға сай жабдықталған, ал бұрын мұндай жағдай болған жоқ.
Эльмира Муратова, Байқоныс ауылының тұрғыны:
– Қызымның жетістіктері жақсы. Ол шыдамдырақ, мұқият бола түсті. Бұрын жазда қалаға қосымша сабақтарға баратынбыз, ал қазір барлық маман мектепте жұмыс істейді. Мұнда дефектолог та, логопед те, қажетті кабинеттер де бар. Аптасына екі рет қатысамыз.
Жаңа форматтағы мектепте барлығы қарастырылған: ыңғайлы лифттер, пандустар, арнайы көрсеткіштер. Логопед, дефектолог және психолог кабинеттері жұмыс істейді. Балалар демалып, күш жинай алатын сенсорлық бөлме де бар.
Маншүк Әльпейісова, педагог-психолог:
– Бүгінде мектебімізде ерекше қолдауды қажет ететін 17 бала бар. Олар қатарластарымен бірге жалпы сыныпта оқиды, достар табады, өздерін ұжымның бір бөлігі ретінде сезінеді.
Аймақта 7 мыңнан астам бала инклюзивті біліммен қамтылған. 345 мектеп пен 135 балабақшада түзету кабинеттері жұмыс істейді. Балалармен шамамен 600 білікті маман айналысады.
Шынар Бауидинова, БҚО білім басқармасының бас маманы:
– Бұдан бөлек, облыста 13 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті бар, онда 400-ге жуық бала білім алады. Үш жыл бұрын Оралда аутизм орталығы ашылған, қазір онда 92 бала оқиды. Биыл жеті мектепте қосымша кабинеттер ашылды, оқу жылының соңына дейін тағы үшеуі іске қосылады. Біздің мақсатымыз – білімді барынша қолжетімді етіп, әрбір баланың өзін мектеп ұжымының бір бөлігі ретінде сезінуіне және тең мүмкіндіктер алуына жағдай жасау.
Жыл соңына дейін өңірде «Келешек мектептері» жобасы аясында тағы бес мектеп ашу жоспарланған. Әрқайсысында сапалы әрі қолжетімді инклюзивті білім беруге арналған барлық жағдай қарастырылған заманауи кабинеттер болады.