Қазақстанда 34 облыстық аурухананы жаңғыртуға бағытталған ауқымды реновация бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бағдарламаның мақсаты — терапиялық бағыттарды дамыту және халықтың мамандандырылған медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру.
Жоба алты бағытты қамтиды: терапиялық бөлімшелерді ашу, құзырет орталықтарын құру, телемедицинаны дамыту, симуляциялық орталықтарды іске қосу, медицина қызметкерлерін даярлау және жабдықтарды жаңарту.
Үш жыл ішінде елдің 17 өңірінде 71 бейінді бөлімше (кардиология, пульмонология, эндокринология, гастроэнтерология, ревматология, гематология, нефрология, педиатрия) ашу жоспарланып отыр. Олар 2 544 төсек-орынға есептелген, оның ішінде 2 148 төсек қолданыстағы қорды қайта бейіндеу есебінен құрылады.
Ең көп жаңа төсек-орын Түркістан (828), Ақмола (338), Ақтөбе (285), Атырау (243) және Алматы (180) облыстарында пайда болады.
Жоба аясында сондай-ақ 17 симуляциялық орталық ашу, 19 телемедицина орталығын жаңғырту және өңірлік ауруханалардың 430 медицина қызметкерін оқыту көзделген.
Облыстық ауруханаларды реновациялау нені қамтиды?
➤ Нысандарды күрделі жөндеу немесе жаңа корпустар салу – ғимараттарды, инженерлік желілерді, операциялық блоктар мен палаталарды жаңарту.
➤ Заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету – томографтар, ангиографтар, эндоскопиялық және роботтандырылған жүйелер орнату.
➤ Қызметкерлердің біліктілігін арттыру – жаңа жабдықтармен жұмыс істеуді үйрету және халықаралық клиникалық хаттамаларды енгізу.
➤ Науқастардың қозғалыс маршрутын қайта құру – емдеуді жылдам әрі тиімді ету, артық құжат айналымы мен жолдамаларды азайту.
➤ Ыңғайлы орта қалыптастыру – жаңа форматтағы палаталар, күту аймақтары, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған инфрақұрылым.
Жаңартудың басты мақсаты – Қазақстанның барлық өңірлеріндегі тұрғындар өз облысында жоғары технологиялық медициналық көмек алу мүмкіндігіне ие болуы.