Астаналық спортшылар пара оқ атудан әлем кубогында қола медаль жеңіп алды

Ел намысын қорғаған астаналық спортшылар пара оқ атудан өткен әлем кубогында қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
25 қазан мен 3 қараша аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінің Әл-Айн қаласында пара оқ атудан әлем кубогы өтті. Бұл беделді жарыста астаналық спортшылар Севда Әлиева мен Никита Ермаков үздік үштікке еніп, қола медаль иегерлері атанды.
Қазақстандық жұп P6 бағдарламасы бойынша — пневматикалық тапаншадан аралас жұптық ату жаттығуында жарысты. Шешуші кезеңде олар Иран құрамасымен сайысқа түсіп, жеңіске жетіп, ел намысын лайықты қорғады.
Айта кетейік, бұл беделді турнирге 38 елден 202 спортшы қатысып, әлемнің үздік мергендері бақ сынады.