1 қарашадағы дерек бойынша, Қазақстанда жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 283,9 мың адам қамтылып, 714 мың қазақстандық жұмысқа орналастырылды.
Субсидияланатын жұмыс орындарына 161,7 мың адам жұмысқа орналасты, оның ішінде:
• әлеуметтік жұмыс орындарына – 13,1 мың адам,
• жастар практикасына – 25,6 мың адам,
• қоғамдық жұмыстарға – 98,7 мың адам,
• «Күміс жас» жобасы аясында – 17,9 мың адам,
• «Бірінші жұмыс орны» жобасы бойынша – 6,2 мың адам,
• «Ұрпақтар келісімі» жобасы бойынша – 289 адам.
Әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтардың жаңа бизнес-бастамаларын іске асыру үшін 400 АЕК-ке дейін (1 572 800 теңге) көлемінде 8 968 грант берілді.
— Еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн-оқытуға 55,9 мың жұмыссыз тартылды, олардың 51,4 мыңы оқуды аяқтап, сертификат алды. «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерліктің негіздеріне 48,4 мың адам оқытылды, оның ішінде 27 мың адам оқуды аяқтап, сертификат алды, — делінген хабарламада.
Жұмыс берушілердің сұранысы бойынша кәсіби оқуға 8 901 адам жіберіліп, олардың 4 673-і оқуды аяқтап, 2 256-сы жұмысқа орналасты.
331 мыңнан астам адам әлеуметтік кәсіби бағдардан өтіп, кеңес алды.
Барлығы 1 қарашаға дейін 714 мың адам жұмысқа орналасты, оның ішінде:
• жұмыспен қамтудың белсенді шаралары аясында – 170,7 мың адам,
• электронды еңбек биржасында жұмыс берушілер орналастырған бос орындар бойынша – 175,7 мың адам,
• Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы аясында – 333,6 мың адам,
• орталық мемлекеттік органдар жүзеге асыратын жобалар аясында – 34 мың адам.
Бұған дейін хабарланғандай, білім беру, қызмет көрсету және денсаулық сақтау салалары Қазақстанда бос жұмыс орындарының саны бойынша көш бастап тұр.