Биыл Павлодар облысында 4 мыңнан астам тұрғын көмір сатып алуға біржолғы төлем алады.
Мамандардың айтуынша, алушылар санының артуы тек азаматтардың жүгінуімен ғана емес, сондай-ақ жылыту маусымында әлеуметтік қолдау шараларының күшеюімен байланысты.
Төлем сомасы – 20 айлық есептік көрсеткіш, яғни 78 640 теңге. Көмек мөлшері мен оны беру тәртібін жергілікті мәслихаттар белгілейді.
Венера Демеубаева, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлімінің бас маманы:
– Бұл төлемді бірінші, екінші, үшінші топтағы мүгедектігі бар тұлғалар; орташа жан басына шаққандағы табысы белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын отбасылар; төрт және одан да көп кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасылар, сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек алатын аз қамтылған отбасылар ала алады.
Ольга Баширова, көпбалалы ана:
– Біз бес жылдан бері жыл сайын әкімдік пен мемлекеттен дәл осы жылыту үшін 20 АЕК көлемінде көмек алып келеміз. Маусым бойы шамамен 6 тонна көмір жұмсаймыз. Берілетін сомаға 2 тоннадан сәл артық сатып ала аламыз.