Қарағанды облысы мен Шымкент қаласында отбасылардың әл-ауқатын анықтайтын скорингтік модельді қолдану арқылы мемлекеттік қолдау шараларын тағайындаудың пилоттық жобасы жалғасуда.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (ЕХӘҚМ) 2025 жылғы 20 қарашада хабарлағандай, соңғы деректер бойынша төрт мемлекеттік қызмет толық іске асырылды, 26,7 мың өтінім иесіне қосымша қолдау көрсетілді.
Пилоттық өңірлерде скорингтік модель әзірге үш қызмет бойынша қолданылуда:
– тұрғын үй көмегін тағайындау,
– жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй үшін жалдау ақысын субсидиялау,
– мүгедектігі бар балаларды үйде оқыту шығындарын өтеу.
Пилот аясында тұрғын үй көмегін алу үшін 1 762 адам жүгінген, барлық өтінім бойынша оң шешім қабылданған.
«Жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялауға 1 739 өтінім түсті. Скоринг нәтижесінде 665 отбасының әл-ауқаты жоғары деңгейде екені анықталды».
ЕХӘҚМ баспасөз қызметі
«Мүгедектігі бар балаларды үйде оқыту шығындарын өтеу» қызметіне өтінімдер 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап түсуде.
Барлығы 1 613 өтінім қабылданды, скоринг нәтижесінде олардың 40-ы әл-ауқаты жоғары, 6-санаттағы отбасылардан екені белгілі болды.
Бұдан бөлек, Шымкент пен Қарағанды облысының мектептеріндегі әлеуметтік педагогтерге «Білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне қаржылай және материалдық көмек көрсету» қызметіне өтінімдер түскен кезде отбасының әл-ауқатын тексеру функциясы ұсынылды.
Скорингтік модельге қолжеткізуді қамтамасыз ететін платформаны 317 мектеп пайдаланады (Қарағанды облысы – 202, Шымкент – 115).
Осы білім беру мекемелерінің әлеуметтік педагогтері 22 382 сұранысты қарады, скоринг қорытындысы бойынша олардың 74-і әл-ауқаты жоғары отбасылардан болды (Қарағанды облысы – 16, Шымкент – 58).
Әл-ауқаты жоғары деп танылған (6-санат) отбасылар жергілікті атқарушы органдар тарапынан қосымша қолдау шараларына мұқтаж емес деп айқындалды.
Министрлік атап өткендей, үй шаруашылықтарының әл-ауқатын анықтауға арналған скорингтік модель 23 әлеуметтік-демографиялық және экономикалық өлшемдерге негізделгенін атап өтті.
Қосымша қолдау алуға үміткер барлық отбасылар 6 санатқа бөлінеді: азық-түлікке қаражат жетіспеушілігі деңгейіндегі аса мұқтаждықтан бастап, материалдық қиындығы жоқ жоғары әл-ауқатқа дейін.
«Шешім Цифрлық отбасы картасы арқылы жиналған объективті деректер негізінде автоматты түрде қабылданады», – деп түсіндірді ЕХӘҚМ.
Көмек тек мұқтаждық деңгейіне қарай көрсетіледі, барлық азаматқа бірдей берілмейді.
Есепке материалдық көрсеткіштер (табыстар, мүлік, көлік, кредиттердің болуы) және материалдық емес факторлар (денсаулық, мүгедектік, білім деңгейі), сонымен қатар асырауындағы адамдардың саны мен жасырын табыс көздері (бейресми жұмыс) алынады.
Мысалы, екі және одан да көп тұрғын үйі, екі және одан да көп автокөлігі бар, тіркелген бизнесі (ЖК, ЖШС) бар және жан басына шаққандағы айлық табысы төрт ең төменгі күнкөріс деңгейінен асатын отбасылар 6-санатқа – жоғары әл-ауқат деңгейіне жатқызылады.
Мұндай отбасылар жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын қосымша әлеуметтік қолдау шараларын алушылар қатарынан шығарылады.
Скорингтік модельді енгізу республикалық бюджеттен төленетін әлеуметтік төлемдерге әсер етпейтінін атап өту маңызды (барлығы 41 түрі).
«Базалық және ынтымақты зейнетақылар, тууға байланысты және 1,5 жасқа дейін бала күтіміне арналған жәрдемақылар, көпбалалы және марапатталған аналарға төлемдер, мүгедектігі бар адамдарға және бала мүгедегіне күтім жасаушыларға берілетін жәрдемақылар, асыраушысынан айырылу бойынша төлемдер, арнайы мемлекеттік жәрдемақылар және басқа да түрлері өзгеріссіз қалады».
ЕХӘҚМ баспасөз қызметі
Сондай-ақ, атаулы әлеуметтік көмек және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін бес төлем бұрынғы көлемінде сақталады.
Бұған дейін ЕХӘҚМ елдегі зейнетақылардың өзекті мөлшерін атаған болатын. 2025 жылдың басынан бері республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 3 трлн 512,7 млрд теңге бөлінді.
Оның ішінде 1 трлн 137,2 млрд теңге базалық зейнетақыға, 2 трлн 375,5 млрд теңге ынтымақты зейнетақыға бағытталды.