Аутизм спектрі бұзылыстары бар балаларға арналған күндізгі және тәулік бойы жұмыс істейтін орталық Ақмола облысының балаларына қызметті тегін көрсетеді. Ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналар мұндай орталықтың қажеттілігін бұрыннан айтып жүрген. Орталықтың уақытша басшысы Сауле Молгаждарованың айтуынша, мекеменің негізгі мақсаты – аутизм спектрі бұзылыстары бар балаларды әлеуметтендіру, бейімдеу және коммуникация дағдыларын дамыту.
— Біздің мақсат – жазуды немесе оқуды үйрету емес, балаларға өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларын қалыптастыру, адамдармен қарым-қатынас жасауға және қоғамға бейімделуге үйрету. Балалармен арнайы педагог-дефектологтар, логопедтер, психологтар жұмыс істейді. Орталық балабақша мен мектеп арасындағы байланыстырушы буынға айналады, себебі біз балаларды мектепке дейінгі немесе мектеп ұйымына сәтті бейімделуге дайындаймыз. Бірнеше топ ашылады: күндізгі, қысқа мерзімді және тәулік бойы болатын топтар, — деді ол.
Жаңа орталық екі қабатты ғимаратта орналасқан. Балалардың оқуына және тұруына арналған сыныптар, ойын бөлмелері, жатын бөлмелер, асхана жабдықталған. Барлық балаларға ыстық тамақ беріледі. Ғимараттың жобалық қуаты – 30 орын, бірақ педагогтар 50 балаға дейін қабылдауға дайын. Кадрлық құрамы – 40 адам, оның 21-і педагог.
Орталыққа қабылдау ПМПК қорытындысы бойынша жүргізіледі. Қорытындыға сәйкес балалар топтарға бөлінеді, әрқайсысына үш айлық жеке бағдарлама дайындалады. Қажет болған жағдайда бала бағдарлама аяқталған соң орталыққа қайта келе алады. Сонымен қатар орталық ерекше балалардың ата-аналарына кеңес береді.
— Мәдени-танымдық іс-шараларға бару, бассейнге, жаттығу залдарына қатысу да жоспарланған. Жылы маусымда табиғатқа шығу, командалық ойындар өткізіледі, — деп толықтырды Сауле Молгаждарова.
Орталықтың жұмысымен облыс әкімі Марат Ахметжанов та танысты.
— Әлем өзгеруде және кез-келген қажеттілігі бар әр адамның қоғамда орны болады. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың IV отырысында әр өңірде ерекше балаларға, оның ішінде аутизмі бар балаларға арналған оңалту және дамыту орталықтарын құруды тапсырды. Бүгін біз бұл тапсырманы орындадық, — деді өңір басшысы.
Марат Ахметжанов орталыққа оқу орнының жоспарларын іске асыруға көмектесетін Газель кілттерін табыс етті.
Майра Штирдің отбасы Зеренді ауданынан Көкшетауға көшті: ауылдарда ерекше балаларға сабақ алуға мүмкіндік жоқ. Күн сайын баланы қалаға апару нәтиже бермейді.
— Бізде ерекше бала бар. Диагноз – аутизм. Төрт жасқа дейін үміт күттік, бірақ өзгеріс болмады. Қазір балам сегіз жаста. Қазір түзету кабинетіне және қосымша жекеменшік орталыққа барып жүрміз, бала түстен кейін де айналысуы үшін. Мәселе – мемлекеттік орталықтардың аздығы, көбісі жеке, ал олардың бағасы өте жоғары. Ал аутизмі бар балаларға арналған орталықтар тіпті аз. Бізге жеңіл: баланың мүгедектігі бойынша алатын жәрдемақыны толық осыған жұмсаймыз. Бірақ көптеген балалар үйде отырады. Сондықтан ерекше қажеттілігі бар балалардың аналары ретінде бұл орталықтың ашылуына өте қуаныштымыз, — деді Майра.
Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде бүгінгі күні 13,5 мыңнан астам ерекше білім беру қажеттіліктері бар бала тұрады, оның 824-і аутизм спектрі бұзылыстары бар балалар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 191 балаға көп.