Қызылордалық оқушы қыздар көру қабілеті нашар балаларға арналған бірегей инклюзивті комикс әзірледі. Бұл жай ғана оқу құралы емес, тұтас тактильді саяхат. Оның көмегімен балалар кейіпкерлерді сезіп, күрделі оқу материалын оңай меңгере алады.
Комикстер арқылы ғылымды түсіндіру – әлемдік тәжірибеде бар. Алайда инклюзивті ортада бұл әлі де сирек кездеседі. 11-сынып оқушылары Лагыл мен Торғын осы олқылықтың орнын толтыруды мақсат етті. Олардың әзірлемесі ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды оқытудың мүлде жаңа тәсіліне айналуы мүмкін.
Торғын Ерланқызы, жоба авторы:
– Мемлекет инклюзивті білім беруге ерекше көңіл бөледі. Бұл – стратегиялық бағыттардың бірі. Дегенмен, бұл салада шешілмеген мәселелер бар. Мысалы, арнайы оқу құралдарының жетіспеушілігі және оқу материалын қабылдаудың күрделілігі.
Жобаны жүзеге асыру жоғары технологияларды қолдануға негізделген. Кейіпкерлердің эскиздерін жасауға жасанды интеллект көмектесті, ал барлық иллюстрациялар рельефті принтерде басып шығарылған. Көлемді бедерлеудің арқасында бала сюжетті саусақ ұшымен оқып, оқиғаға еніп, кейіпкерлерді тактильді түрде таниды.
Лагыл Амангелді, жоба авторы:
– Әзірге біз тек эволюция тақырыбын қамтыдық. Алдағы уақытта жаратылыстанудың басқа да тақырыптарын қамтып, сондай-ақ оқушыларға қиындық туғызатын физика мен математикадағы күрделі есептерді комикс тіліне аударуды жоспарлап отырмыз.
Сонымен қатар Лагыл мен Торғын комикстің цифрлық нұсқасын әзірлеуде. Көру қабілеті нашар балалардың есту қабілеті жақсы дамығанын ескере отырып, әрбір оқиғаға аудиожол қосылады. Осылайша комиксті тек сезіп қана қоймай, тыңдауға да болады.
Арай Нұрбаева, жоба жетекшісі:
– Оқушыларым әзірлеп жатқан қосымша комиксті толыққанды мультисенсорлық құралға айналдырады. Негізінде бұл – бала өзіне ыңғайлы форматты таңдай алатын цифрлық кітапхана: мәтінді Брайль қарпімен оқу немесе әңгіменің аудио нұсқасын онлайн тыңдау мүмкіндігі бар.
Жоба авторлары комиксті ағылшын тіліне аударуды да жоспарлап отыр. Бұл – ғылымды насихаттауға қосқан үлестері, яғни күрделі білімді әр балаға қолжетімді әрі шынайы қызықты ету.