Астанада Run for Autism төртінші жыл сайынғы қайырымдылық марафон өтті. Жиналған 42 млн теңгеден астам қаражат аутизмі және басқа да менталдық ерекшеліктері бар жасөспірімдер мен ересектерді кәсіби оқытуға бағытталады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараны серіктестердің қолдауымен Bolashak Charity қоры ұйымдастырды.
Марафон мақсаты — қоғамның аутизм туралы хабардарлығын арттыру, осы диагнозы бар адамдардың өмір сапасын жақсарту, олардың әлеуметтенуі мен дербестігі үшін жағдай жасау, сондай-ақ инклюзияны дамыту.
Іс-шара аутизм туралы ақпараттандыру айына орай ұйымдастырылды. Елордада аутизм спектрінің бұзылуы диагнозы қойылған 4 368 адам тіркелген, олардың 4 232-сі — балалар (96,8%).
Run for Autism — аутизмді зерттеуді қолдауға қаражат жинауға бағытталған халықаралық бастама. Қазақстанда бұл марафон алғаш рет 2023 жылы Bolashak Charity қорының бастамасымен өтті. Үш жыл ішінде оған 6 443 адам қатысып, 42 348 444 теңге жиналды. Бұл қаражатқа Астана мен Қостанай облысындағы балабақшаларда, мектептерде және колледждерде инклюзияны қолдау бойынша 25 кабинет ашылды.
Марафон төрт қашықтық бойынша өтті: 1 км, 2,5 км, 5 км және 10 км. Жалпы іс-шараға Қазақстанның 26 қаласынан, оның ішінде Ақтөбе, Ақтау, Алматы, Астана, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Шымкент және басқа қалалардан 5 000 адам қатысты.
Жарысқа 100-ден астам даму ерекшеліктері бар адам қатысты, олардың қатарында аутизмі бар адамдар, Даун синдромы бар жандар, сал ауруы (ДЦП), есту қабілеті бұзылған және тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар болды. Онлайн-марафонға Қазақстанның 30 қаласынан, сондай-ақ Ұлыбритания мен Ресейден 140 адам қатысты.
Іс-шара аясында дәстүрлі түрде аутизмі және басқа да даму ерекшеліктері бар балаларға арналған «Көңілді старттар» спорттық-ойын эстафетасы өтті. Оған 5 пен 14 жас аралығындағы шамамен 180 бала қатысты. Эстафетадан кейін балаларға серіктестерден сыйлықтар табысталды.
«Run for Autism — ерекше шара, себебі оған біздің жобаларымызға қатысатын жасөспірімдер, олардың отбасылары, педагогтар, серіктестер және қор достары қатысады. Марафон әлдеқашан бір реттік іс-шара шеңберінен шығып, түрлі қалалардағы адамдарды ортақ идея төңірегіне біріктіретін қозғалысқа айналды.
Бүгінде балалар өсіп келеді, сонымен бірге біздің бағдарламаларымыз да дамуда. Біз аутизмі бар жасөспірімдер мен жастарға арналған кәсіби оқыту бағытын кеңейтудеміз. Биылғы марафон аясында жиналған қаражат дәл осы мақсаттарға бағытталады», — деді Bolashak Charity қоры қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан.
Мәреге жеткен барлық қатысушыларға естелік медальдар табысталып, әр қашықтық бойынша жеңімпаздар дипломдармен марапатталды. Сондай-ақ барлық жүгірушілерге шоппер, футболка, старт нөмірі, ақпараттық материалдар мен түрлі сыйлықтардан тұратын старттық пакеттер берілді.
Сонымен қатар қатысушылар арасында 20-дан астам бағалы сыйлық, оның ішінде Грузияға жолдама, смартфон, тау велосипеді және басқа да жүлделер ойнатылды.