Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәслихаттардың шешімдеріне сәйкес жекелеген азамат санаттарына әлеуметтік көмек көрсету тәртібін өзектендіру бойынша атқарылған жұмыстардың аралық қорытындысын шығарды. Бұл мәселе Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Аскарбек Ертаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте қаралды.
Қазіргі уақытта өңірлерде әлеуметтік көмектің мөлшері мен түрлері әртүрлі, себебі ол жергілікті бюджет мүмкіндіктеріне байланысты. Осыған байланысты жаңартылған қағидаларда біржолғы төлемдердің ең төменгі мөлшері бекітілді. Мереке және атаулы күндерге берілетін біржолғы төлемдер үшін ең төменгі шек енгізілді. Енді мұндай көмектің мөлшері 2,5 АЕК-тен төмен болмауы тиіс.
Қосымша қолдауды қажет ететін азаматтарға әлеуметтік көмек мөлшері республикалық бюджет туралы заңда белгіленетін ең төменгі күнкөріс деңгейімен тікелей байланыстырылды. Осыған сәйкес күнкөріс деңгейі өскен сайын көрсетілетін көмектің мөлшері де автоматты түрде индекстеліп отырады.
Ашықтықты арттыру мақсатында көмек түрлері, мөлшері мен көрсету шарттары кезең-кезеңімен цифрлық форматқа көшіріліп, «Е-Собес» ақпараттық жүйесіне енгізілуде.
Әлеуметтік көмек департаментінің директоры Айнұр Абдырахманованың айтуынша, көптеген өңірлерде жаңа қағидаларды енгізу бойынша қажетті шешімдер қабылданған. Жаңартылған тәсілдерді мониторингтеу және кезең-кезеңімен іске асыру жалғасуда. Бұл жұмыс әлеуметтік қолдаудың атаулылығын, ашықтығын және тиімділігін арттыруға бағытталған.