2026 жылдың басынан бері 62,8 мың азамат, оның ішінде 25,1 мыңы жұмыссыздар, Skills Enbek кәсіби оқыту платформасында онлайн-курстарды аяқтағаны туралы сертификат алды. Жалпы Платформада 1,3 млн-нан астам пайдаланушы тіркелген, оның 91,5 мыңы – ағымдағы жылы. Платформа жұмыс істеген бүкіл кезең ішінде шамамен 1,2 млн адам оқудан өткен.
Оқудан өткен 25,1 мың жұмыссыз азаматтың 6,1 мыңы – жастар (16–35 жас аралығы). Негізінен оқыған жұмыссыздар Ақтөбе облысынан (2 597 адам), Шымкент қаласынан (2 587 адам), Қызылорда облысынан (2 215 адам), Түркістан облысынан (2 028 адам), Қостанай облысынан (1 744 адам).
Бүгінде Платформада авторлар әртүрлі бағыттар бойынша 601 курс жариялаған, оның 415-і – тегін. Сонымен қатар Fluent Education және Яндекс Қазақстан серіктестерінің курстары ұсынылған, әрі қарай білім беру алаңдарына өту мүмкіндігі бар.
Курстардың ұзақтығы 2 сағаттан 72 сағатқа дейін.
Платформада әлеуметтік қызмет көрсету және өзге де бағыттар бойынша тегін курстар саны тұрақты түрде артып келеді. 2026 жылдың қаңтар–сәуір айларында ең көп сертификат келесі курстар бойынша берілген: «Кассир» (8 043 сертификат), «Қаржылық сауаттылық курсы» (3 125 сертификат), «Қозғалысы шектеулі адамдарды сүйемелдеуге арналған жеке көмекшінің кәсіби курсы» (2 251 сертификат), «Әлеуметтік жұмысқа кіріспе» (948 сертификат).
Бұған дейін хабарланғандай, Платформа ел халқының білім деңгейі мен кәсіби біліктілігін арттыруға, мансаптық дамуды ынталандыруға және «өмір бойы оқу» тұжырымдамасын ілгерілетуге бағытталған. Ол қызметтер нарығының маркетплейсі қағидаты бойынша онлайн-курстарға қолжетімділік беретін халықаралық білім беру алаңдарының үлгісімен құрылған.
Оқуға тікелей сілтеме арқылы қол жеткізуге болады https://skills.enbek.kz / немесе электрондық еңбек биржасында (Enbek.kz) «Онлайн оқыту» бөлімін таңдау қажет.
Платформада білім алушы оқу қарқынын, тілін және материалды ұсыну тәсілін өзіне ыңғайлы етіп өзі таңдайды, сондай-ақ оқу барысындағы ілгерілеуін бақылай алады.
Білім алушылар үшін артықшылықтар: курстарды кеңейтілген іздеу, сабақтардың түсінікті құрылымы, оқу процесін бақылау және курс авторларымен жедел байланыс. Пайдаланушылар үшін жасанды интеллект негізіндегі чат-бот қолжетімді, ол қажетті ақпаратты тез табуға және сұрақтарға жауап алуға мүмкіндік береді.
Курсты аяқтау үшін білім алушы 70% шекті деңгейден кем емес нәтижемен тест тапсыруы тиіс. Сәтті аяқтаған жағдайда дағдыны меңгергені туралы сертификат беріледі. Оқуды аяқтаудың міндетті шарты – білім алушы тарапынан курсқа баға беру. Сертификатты жүктеу кезінде меңгерілген дағдыларға сәйкес бос жұмыс орындары бойынша ұсынымдар Enbek.kz порталына өту мүмкіндігімен беріледі.
Алынған сертификат Enbek.kz порталында тіркелу кезінде жасалған түйіндемеде автоматты түрде көрсетіледі. Қызметкерлерді іздеу барысында әлеуетті жұмыс беруші Платформада алынған сертификаттарды көре алады.
Платформада онлайн-курстарды орналастыру авторлар мен әзірлеушілер үшін тегін жүзеге асырылады. Курстар мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде орналастырылып, ақпаратты әртүрлі форматта қамтуы тиіс: мәтін, презентациялар, бейне және аудио материалдар, инфографика және басқа да түрлер. Платформа ерекше қажеттіліктері бар білім алушылар үшін интерфейсті бейімдеу мүмкіндігін қарастырады.
Курс авторлары үшін сабақ құрастыруға арналған ыңғайлы конструктор, жарияланған курстардың статистикасы мен тиімділігін қарау мүмкіндігі, сертификаттардың әртүрлі дизайны, сондай-ақ оқыту құнын алдын ала есептеуге арналған онлайн-калькулятор қолжетімді.
Еске салайық, 2023 жылдың желтоқсанынан бастап курстардан өту Enbek мобильді қосымшасы арқылы да қолжетімді, оны Google Play және App Store дүкендерінен жүктеуге болады.
Тіркелу және Платформада жұмыс істеу бойынша барлық сұрақтар бойынша «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ жауапты қызметкерлеріне 8 (7172) 95 43 17 (ішкі. 441, 888) телефоны арқылы хабарласуға болады.