Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектікті белгілеудің негізділігіне, еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесін айқындауға және әлеуметтік қолдау шараларын тағайындауға жүйелі мониторинг жүргізуде.
Медициналық құжаттарды талдау барысында ықтимал жалғандық белгілері бар 167 жағдай анықталды.
Тексерулер интеграцияланған жүйелер арқылы жүргізілуде
Бақылауды Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті және оның аумақтық департаменттері жүзеге асырады. Құжаттарды тексеру медициналық ақпараттық жүйелермен интеграцияны пайдалана отырып, күндізгі және сырттай проактивті форматта жүргізіледі.
Құжаттарды рәсімдеуде жүйелі бұзушылықтар анықталды
Тексеру барысында жекелеген медицина қызметкерлері тарапынан жасалған заңбұзушылықтардың жүйелі сипатын көрсетуі мүмкін фактілер тіркелді.
Анықталған жағдайлардың қатарында:
әртүрлі науқастарға бірдей медициналық үзінділерді рәсімдеу;
қорытынды мәтіндерінің «көшірме» түрінде сәйкес келуі;
зертханалық зерттеулер нәтижелері мен анамнездердің бірдей болуы;
құжат мазмұнын сақтай отырып, тек жеке деректер мен күндерді өзгерту фактілері бар.
Тиісті шаралар қабылдануда
Әрбір анықталған жағдай бойынша тиісті шаралар қабылдануда. Аумақтық бөлімшелерге бақылау куәландыруларын жүргізу туралы тапсырмалар жолданды.
Қазіргі уақытта 73 тексеру жүргізілді.
Күмән тудырған жағдайлар бойынша тиісті әлеуметтік төлемдер тоқтатылды. Егер заңбұзушылық фактілері расталса, мүгедектікті белгілеу туралы бұрын қабылданған шешімдер белгіленген тәртіппен қайта қаралады.
Материалдар құқық қорғау органдарына жолданды
Жиналған барлық материалдар одан әрі процессуалдық қарау үшін прокуратура органдарына және экономикалық тергеп-тексеру департаменттеріне жолданды.
Министрлікте заңсыз мүгедектік рәсімдеу фактілерін анықтау және жолын кесу жұмыстары жалғасатыны және тұрақты бақылауда екені атап өтілді.