Ақтаулық оқушылар агрессия мен жанжалдарды анықтауға арналған жасанды интеллект жүйесін әзірледі. Алгоритм бейнебақылау камераларынан алынған деректерді талдап, бірнеше секунд ішінде төбелес болып жатқанын немесе жай ғана қалыпты әрекет екенін анықтайды.
Жүйе күрт қимылдарды, адамдардың бір-біріне жақындауын және бейберекет қозғалыстарды тіркейді. Қақтығыс ықтималдығы жоғары болған жағдайда, хабарлама автоматты түрде әкімшілікке немесе нысан иелеріне, қажет болған жағдайда полицияға жіберіледі. Әзірлеушілердің айтуынша, модельді оқытуға екі-үш ай уақыт кеткен. Ең басты қиындық – шынайы төбелесті құшақтасу немесе әзілдесу секілді қарапайым әрекеттерден ажырата білу болған.
10-сынып оқушысы Абильмансұр Иса:
– Ең қиыны жасанды интеллектіні құрастыру және оны үйрету болды. Себебі басқа қимылдарды төбелеспен шатастырып алу өте оңай. Мысалы, адамдар амандасып, құшақтасуы немесе бір-бірімен әзілдесуі мүмкін. Ал жасанды интеллект мұның расымен төбелес пе, әлде жай әрекет пе екенін ажырата алуы үшін біз оны шамамен 2–3 ай бойы жаттықтырдық.
Айта кетейік, елімізде жасанды интеллектіні дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Мәселен, халықаралық Alem.AI орталығы Қазақстанда технологиялық көшбасшыларды даярлауды мақсат етеді. Мұнда жыл сайын 10 мыңға дейін адам цифрлық дағдылар бойынша білім алады. Олар үшін IT-мамандықтарды меңгеруге көмектесетін арнайы бағдарламалар іске қосылады.