Астанада отбасы институтын нығайтуға және отбасылық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңіне қатысуға өтінім қабылдау басталды. Байқауды өткізу тәртібі туралы Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Макжан мен қалалық Ішкі саясат басқармасының Үкіметтік емес сектормен жұмыс бөлімінің басшысы Айдана Камзаева Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
«Мерейлі отбасы» байқауы жыл сайын өткізіледі.
Байқаудың басты мақсаты – адамгершілік пен рухани құндылықтарды, отбасылық дәстүрлерді нығайту, сондай-ақ қазақстандық отбасының жағымды бейнесін қалыптастыру.
Сонымен қатар жауапты некені насихаттауға, балалар тәрбиесіндегі ата-ананың рөлін арттыруға, үлкендерге қамқорлық көрсетуге және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға ерекше назар аударылады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау отбасылық құндылықтарды құрметтеу мәдениетін дамытуға, көпбалалы және үлгілі отбасыларды қолдауға, сондай-ақ белсенді азаматтық ұстаным мен қоғамдық жауапкершіліктің үлгісін насихаттауға ықпал етеді.
Байқауға қатысу үшін белгіленген үлгіге сәйкес электронды форматта өтінім беру қажет. Өтінімге ата-аналардың немесе қамқоршылардың жеке куәліктерінің көшірмелері, балалардың туу туралы куәліктері қоса тіркелуі тиіс. Сонымен қатар неке қию туралы куәліктің көшірмесін ұсыну міндетті.
Сондай-ақ қатысушылар отбасы мүшелерінің еңбек, спорт, шығармашылық, ғылыми және қоғамдық қызметтегі жетістіктерін растайтын құжаттарды тапсыруы қажет. Құжаттар топтамасына ұсыным хаттар және отбасының волонтерлік, қайырымдылық әрі қоғамдық пайдалы іс-шараларға қатысқанын дәлелдейтін материалдар енгізіледі.
Бұдан бөлек, жеке деректерді жинауға және өңдеуге келісім беру қажет. Қамқоршылықтағы немесе асырап алған отбасылар үшін қамқоршылық не қорғаншылықты белгілеу туралы құжаттар қосымша талап етіледі. Сондай-ақ балаларды тәрбиелегені үшін берілген марапаттар мен көтермелеулер туралы құжаттарды, ал ата-аналардың бірі қайтыс болған жағдайда тиісті куәліктің көшірмесін қоса ұсынуға болады.
Құжаттар топтамасы толық болмаған жағдайда комиссия екі жұмыс күні ішінде өтінімді толықтыру үшін кері қайтарады. Қайта тапсыру үш күн ішінде жүзеге асырылуы тиіс. Белгіленген мерзімнен кейін тапсырылған құжаттар байқауға қабылданбайды. Ұсынылған материалдар кері қайтарылмайды.
Өтінім қабылдау 2026 жылғы 15 маусымға дейін жалғасады. Құжаттарды PDF форматында мына электронды поштаға жолдау қажет: mereyli.otbasy2026@mail.ru.
Қатысу шарттары мен құжат тапсыру тәртібі туралы толық ақпаратты мына телефон нөмірлері арқылы алуға болады: 8 771 624 3037, 8 778 161 2478.