Қазақстанда көру қабілеті бұзылған балаларға арналған 100-ден астам жаңа оқулық әзірленеді
Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов көру қабілеті бұзылған және өзге де ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды сапалы біліммен қамтамасыз ету мәселелері бойынша депутаттық сауалға жауап берді.
Үкіметтің мәліметінше, қазіргі уақытта психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияларда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мыңнан астам бала тіркелген. Олардың ішінде 139 мыңнан астамы мектептерде, 49 мыңнан астамы мектепке дейінгі ұйымдарда білім алса, 17 мыңы арнайы білім беру мекемелерінде оқиды. Тағы 5,4 мың бала техникалық және кәсіптік білім алып жатыр.
Елде көру қабілеті бұзылған 6 мыңнан астам бала бар екені де атап өтілді. Оларды оқыту үшін қазірдің өзінде Брайль қарпімен басылған материалдар мен үлкейтілген қаріптегі кітаптарды қоса алғанда, шамамен 200 оқулық пен оқу-әдістемелік кешен дайындалған.
2026–2028 жылдары көру қабілеті бұзылған балаларды әдістемелік қамтамасыз етуге 879 млн теңге қарастырылған. Сонымен қатар 2027–2029 жылдары 109 жаңа оқулық әзірлеуге тағы 1 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Оның 56-сы Брайль қарпімен шығарылатын болады.
Үкімет мәліметінше, қазіргі таңда Қазақстанда 539 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді. Олардың қатарында арнайы мектептер, балабақшалар, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері, оңалту және аутизм орталықтары бар.
2025 жылы жергілікті атқарушы органдар 193 арнайы білім беру ұйымының материалдық-техникалық базасын жаңартуға 3 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Ал 2026 жылы бұл мақсатқа жөндеу, құрылыс, жабдықтар мен жиһаз шығындарын қоса есептегенде 7,8 млрд теңге қарастырылған.
Сондай-ақ Үкімет білім беру ұйымдарын офтальмологиялық және тифлотехникалық жабдықтармен қамтамасыз етуді күшейтуді жоспарлап отыр. 2026 жылы бұл мақсатқа 83 млн теңге бөлінеді.
Премьер-министрдің айтуынша, елде инклюзивті білім беруді дамытудың жаңа стратегиясы мен ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған білім беру ортасының сапасын арттыру жөніндегі кешенді жоспар әзірленіп жатыр.
Сонымен қатар Мәжілісте баланы туғаннан бастап кәсіптік білім алғанға дейін ведомствоаралық сүйемелдеуді көздейтін «Мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдау туралы» заң жобасы қаралуда.
Бұған дейін Сенат депутаты Амангелді Есбай отырыстардың бірінде Қазақстандағы көру қабілеті бұзылған балалар толыққанды білім алуға қажетті арнайы оқу материалдары мен жағдайлардың тапшылығына тап болып отырғанын мәлімдеген еді.