Еңбек министрлігі әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жеке көмекшілердің жұмысының ашық форматын енгізеді
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектігі бар адамдарды қолдау жүйесін икемдірек әрі түсініктірек етуге бағытталған жеке көмекші қызметін көрсету қағидаларына өзгерістер жобасын ұсынды. Реформаның басты мақсаты – ескірген бюрократиялық рәсімдерден бас тартып, көмекші мен қызмет алушы арасындағы өзара іс-қимылды заманауи цифрлық форматқа көшіру.
Негізгі жаңашылдықтардың бірі – жеке көмекші қызметін азаматтық-құқықтық қатынас ретінде түпкілікті заң жүзінде бекіту. Бұл еңбек қатынастарының белгілерін толықтай жояды. Енді жеке көмекшілер мен олардың қызмет алушылары үшін қағазбастылық азайып, жұмыс уақытын есепке алу табельдерін жүргізу және өмірлік жағдайларға жиі сәйкес келмейтін қатаң кестелерді сақтау қажеттілігі жойылады.
Жаңартылған тәсілге сәйкес, қызметтер мүгедектігі бар адамның Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы берген нақты өтінімдері негізінде көрсетіледі. Бұл жүйенің адамның нақты қажеттілігіне сай жұмыс істеуіне мүмкіндік береді, яғни ауруханаға, мемлекеттік мекемелерге немесе басқа да инфрақұрылым нысандарына бару кезінде сүйемелдеу қажет болған жағдайда қызмет көрсетіледі. Енді төлем де орындалған әрбір өтінім үшін жүргізіледі. Бұл нақты көрсетілген көмек көлеміне сай әділ ақы төлеуге кепілдік береді. Сонымен қатар, қызметтің орындалғанын алушының ақпараттық жүйеде жеке растауы бюджет қаражатының мақсатты әрі сапалы жұмсалуына негізгі кепіл болады.
Еліміз бойынша бірыңғай стандарттарды қамтамасыз ету мақсатында министрлік тараптардың құқықтары мен міндеттері нақты көрсетілетін үлгілік шарт нысанын енгізеді. Бұл жеке көмекшінің де, мүгедектігі бар адамның да мүддесін қорғауға бағытталған.
Есепке алудың цифрлық моделіне көшу әкімшілік кедергілерді азайтып қана қоймай, министрлікке әр өңірдегі қызметке деген нақты сұранысты көруге мүмкіндік береді. Түптеп келгенде, бұл өзгерістер мемлекеттік қолдаудың атаулы әрі жедел болуын, ал оны алу процесін мүмкіндігінше қарапайым және формализмнен айыруға бағытталған.
Жоба туралы ақпаратпен танысып, ұсыныстарды «Ашық НҚА» порталында қалдыруға болады.