Астана қаласының мектеп түлектеріне салтанатты түрде аттестаттар табысталды. Елордадағы 16 мыңнан астам түлек мектеппен қоштасып, үлкен өмірге қадам басты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Мерекелік іс-шара барысында ерекше оқиғалардың бірі №83 мектеп-лицейінің 11-сынып түлегі, «Алтын белгі» иегері Максим Цоймен байланысты болды.
Бұған дейін, 25 мамыр күні өткен Соңғы қоңырау салтанатында Максим өзінің ұстазымен бірге би билеп, қала тұрғындарының ықыласына бөленген еді. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар жас түлектің өмірге құштарлығы, белсенділігі және ұстазына деген құрметі әлеуметтік желі қолданушыларының жылы пікірлеріне ие болды.
Бүгін Максим Цой үздік оқу үлгерімі үшін қызыл аттестат алып, мектепті үздік тәмамдады. Сонымен қатар оны тағы бір қуанышты жаңалық күтіп тұрды. Әлемге танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген жас түлекке арнайы сыйлық жолдап, қымбат ноутбук тарту етті.
Өнер иесінің бұл сыйлығы Максимнің білім жолындағы еңбегі мен табандылығына көрсетілген құрмет ретінде бағалануда. Жағымды тосынсый аттестат алған күні жас түлектің қуанышын еселей түсті.

