Қарағанды облысының Нұра ауданында прокуратураның араласуынан кейін балалардың қосымша санаттарына біржолғы әлеуметтік төлем алу құқығы берілді.
«Нұра ауданы прокуратурасы қадағалау қызметі барысында азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету мәселелерін реттейтін жергілікті нормативтік құқықтық актіде сәйкессіздіктерді анықтады», – делінген сәрсенбі күні жарияланған хабарламада.
Қадағалау органының мәліметінше, прокурорлық ден қою актісі енгізілгеннен кейін мәслихат жергілікті бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік қолдау көрсету тәртібіне өзгерістер енгізді. Нәтижесінде 15 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшеріндегі біржолғы әлеуметтік төлем алу құқығы кәмелетке толмағандардың қосымша санаттарына берілді. Олардың қатарында жетім балалар, қорғаншылық пен қамқоршылықтағы балалар, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар.
Аталғандай, қабылданған шаралар заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етіп, әлеуметтік осал санаттағы балаларға әлеуметтік қолдау шараларын уақытылы көрсетуге мүмкіндік берді.