Орал қаласында есту қабілеті бұзылған спортшылар арасында Қазақстан Республикасының IV Спартакиадасы өтуде. Төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын республикалық жарысқа еліміздің 19 өңірінен 1500-ден астам спортшы қатысып, спорттың 10 түрінен 274 медаль жиынтығын сарапқа салуда. Бұл жарыста елордалық спортшылар да жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.
Бұған дейін Алматы қаласы мен Алматы облысында 10-12 тамыз аралығында сурдо жеңіл атлетикадан, ал 10-15 тамыз аралығында сурдо жүзуден жарыстар аяқталды.
Орал қаласындағы спорттық бағдарлама 17-25 тамыз аралығын қамтиды. Мұнда Астана қаласының спортшылары елорда намысын дзюдо, таеквондо, үстел теннисі, шахмат, бадминтон және футболдан қорғауда.
Бүгінде елордалық спортшылар дзюдо мен таеквондодан өз нәтижелерін көрсетті. Астана құрамасы дзюдодан 3 алтын және 1 қола медаль, ал таеквондодан 2 алтын, 2 күміс және 6 қола жүлде иеленді. Нәтижесінде елорда құрамасы таеквондодан жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды.
Сонымен қатар сурдошахматтағы аралас рапид дисциплинасында Астана қаласының командасы командалық есепте екінші орынға ие болды.
Қазіргі уақытта Оралда үстел теннисі, шахмат, бадминтон және футболдан тартысты жарыстар жалғасуда.
Қазақстан Республикасы IV Спартакиадасының ашылу салтанаты 17 тамызда Орал қаласындағы «Жайық Арена» спорт кешенінде өтті. Спартакиада 25 тамызда Орал қаласында өтетін жабылу салтанатымен аяқталады.