Елорда циркінде ерекше балаларға арналған қайырымдылық іс-шарасы ұйымдастырылды. Балаларға экскурсия өткізіліп, атқа міну мүмкіндігі берілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шара барысында балалар цирктің ішкі тыныс-тіршілігімен танысып, жарқын әсер алды. Бастаманың басты мақсаты – балаларды қуанту, қолдау көрсету, әлеуметтік бейімделуіне ықпал ету, сондай-ақ шабыттандырып, жағымды эмоциялар сыйлау.
«Біздің тарапымыздан циркке 20 бала әкелдік. Олар экскурсияға қатысып, цирк өмірімен танысты, қойылымдарға арнайы үйретілген жануарларды көріп, көптеген жағымды эмоциялар алды. Мұндай қайырымдылық іс-шаралары тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Біз мұны бақытты болашаққа бастайтын игі қадам деп санаймыз», – деді «Бақытты Шаңырақ» қорының өкілі Марина Ахмедшина.