Қарағандыда Спорт күніне орай Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ерекше сый жасалды. Алты спортшыға пәтерлердің кілті табысталды. Қоныстой иелері Дастан Мұқашбеков, Даяна Федосова, Еркебұлан Канафин, Аян Абдраш, Айжамол Әбдікатова және Айда Мақатова атанды.
Салтанатты кездесу Достық үйінде өтті. Мұнда спортшылар, жаттықтырушылар мен сала ардагерлеріне құрмет көрсетілді.
«Бүгінде Қарағанды облысының мыңнан астам өкілі елдің ұлттық құрамасына кіреді. Алға жылжу үшін біз жекелеген нысандар салудан заманауи спорттық орта құруға және кластерлік тәсілге көшіп жатырмыз. Сонымен қатар спорттың баршаға қолжетімді болуы маңызды, сондықтан инклюзивті бағытқа ерекше көңіл бөлеміз. Біздің мақсатымыз – спорт секциясына алғаш келген баладан бастап, Қазақстанды ірі халықаралық жарыстарда таныстыратын спортшыға дейін барлығына жағдай жасау», – деді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.
Сурдотхэквондошы Аян Абдраш өз сезімімен бөлісті. Қазақстанның спорт шебері тхэквондомен 18 жылдан бері айналысады. Сурдлимпиада ойындарында бірнеше рет үздік атанып, бір алтын және екі қола медаль жеңіп алған.
«Маған тхэквондо спорт түрі ретінде ұнайды. Секцияға ата-анам алып келді, кейін бұл спортта жетістіктерге жете бастадым. Жаттығуға бар күшімді салдым. Осындай қолдау көрсеткендеріңіз үшін алғысым шексіз. Облыс әкімдігіне және Дене шынықтыру және спорт басқармасына зор алғысымды білдіремін», – деді Аян Абдраш.
Спорт саласының үздік өкілдеріне Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталды.
Бұл жолы атақты спортшыларды ғана емес, олардың ата-аналарын да атап өтті.
Спорт ардагерлеріне де құрмет көрсетіліп, оларға сыйлықтар табысталды.