Жыл сайын 55 мыңнан астам қазақстандыққа медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде дәрілік ісікке қарсы терапия тегін көрсетіледі.
Науқастарға заманауи ісікке қарсы дәрілік заттардың шамамен 150 атауы, ПЭТ/КТ диагностикасы, жоғары технологиялық оталар және сәулелік терапияның заманауи әдістері қолжетімді. Елде химиотерапияға арналған 102, таргеттік терапияға арналған 45 және иммуноонкологиялық үш препарат қолданылады. Нақты препарат пен емдеу схемасын дәрігер диагнозды, аурудың сатысын, науқастың жағдайын және ісіктің сипаттамаларын ескере отырып, жеке анықтайды.
Қазақстанда 19 ПЭТ/КТ аппаратымен жабдықталған 10 ядролық медицина орталығы жұмыс істейді. Сондай-ақ төрт циклотрон-өндірістік кешен және бір фотонды эмиссиялық компьютерлік томографияға арналған жеті аппарат жұмыс істейді.
ПЭТ/КТ медициналық көрсетілімдер бойынша жүргізіледі. Жолдаманы алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымы рәсімдейді, ал пациенттерді бағыттау республикалық деңгейде үйлестіріледі.
Онкологиялық орталықтарда таргеттік және иммуноонкологиялық терапия, жоғары дозалы химиотерапия және жасушалық иммунотерапия қолданылады. Күрделі ағзаны сақтайтын және реконструктивтік операциялар жасалады, аз инвазивті және робот көмегімен орындалатын технологиялар пайдаланылады.
Жекелеген бағыттарда үш өлшемді модельдеу, науқасқа жеке әзірленетін сүйек импланттары, нейрохирургиядағы навигациялық жүйелер, сондай-ақ лапароскопиялық және торакальды оталар қолданылады.
Елде сәулелік терапияға арналған 40-тан астам аппарат, оның ішінде 26 сызықтық үдеткіш жұмыс істейді. Жыл сайын мұндай емді шамамен 15 мың науқас алады.
2025 жылы Қазақстанда Орталық Азиядағы алғашқы протондық терапия орталығы ашылды. Онкологиялық тәжірибеге сондай-ақ адаптивті, төрт өлшемді және стереотаксикалық сәулелік терапия, жоғары дозалы брахитерапия енгізілді.
Тексеруге, тағайындалған дәрі-дәрмектерге, емдеуге немесе ауруханаға жатқызуға қатысты сұрақтар туындаған жағдайда науқасқа емдеуші дәрігерге немесе бөлім меңгерушісіне жүгіну ұсынылады. Сондай-ақ ем алып жатқан Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының немесе онкологиялық орталықтың науқастарды қолдау қызметінен түсініктеме алуға болады.
Амбулаториялық консультациялар мен диагностикалық іс-шаралар «жасыл дәліз» қағидаты бойынша жүргізіледі. Бұл науқастарға жалпы кезектен тыс басымдықпен қызмет көрсетуді және медициналық көмекті 18 жұмыс күніне дейінгі мерзімде алуды көздейді.
Мамандандырылған медициналық көмек деңгейінде онколог дәрігер диагнозды морфологиялық верификациялау және ісік процесінің таралуын анықтау үшін қажетті диагностикалық зерттеулерді жүргізеді.
Қазақстан азаматтарына онкологиялық көмек ТМККК шеңберінде тегін көрсетіледі.