Астанада тұрғындарды жұмысқа орналастыру мүмкіндіктерімен қамтамасыз ету, сондай-ақ әлеуметтік және еңбек мәселелері бойынша кеңес беру мақсатында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі мен ашық есік күні өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараға Еңбек инспекциясының, Әлеуметтік қорғау департаментінің, Білім басқармасының, Денсаулық сақтау басқармасының, Спорт басқармасының, Тұрғын үй басқармасының, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өкілдері қатысты.
Жәрмеңкеге келген қала тұрғындары өздерін толғандырған мәселелер бойынша мамандардан тікелей кеңес алды. Атап айтқанда, азаматтар бос жұмыс орындары туралы ақпаратпен танысып, жұмысқа орналасу тәртібі, еңбек шарттарын жасасу, еңбек құқықтары мен міндеттері, әлеуметтік төлемдер және мемлекеттік қолдау шаралары туралы сұрақтар қойды.
Сонымен қатар тұрғындарға мүгедектікті белгілеу және әлеуметтік қорғау, білім алу, медициналық қызметтерді алу, спорт үйірмелері мен секцияларына қатысу, тұрғын үй мәселелері, сондай-ақ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) және әлеуметтік сақтандыру жүйесі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
«Жұмыс іздеп жүрген азаматтар өздеріне сәйкес келетін бос жұмыс орындарымен танысып қана қоймай, еңбек қатынастары, әлеуметтік төлемдер, медициналық сақтандыру және мемлекеттік қолдаудың басқа да шаралары бойынша мамандардан кеңес алды. Жалпы, жыл басынан бері іс-шараға 453 жұмыс беруші қатысып, 2 821 жұмыс іздеуші қамтылды. Тұрғындарға ұсынылған бос жұмыс орындарының жалпы саны 3 665-ті құрады. Нәтижесінде 17 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылып, 19 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды», – деді Сарыарқа және Байқоңыр аудандарының Мансап орталығының директоры Бағила Орынбетова.