ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРҒА СКРИНИНГТЕР МЕН ВАКЦИНАЛАУ ТУРАЛЫ 1414 НӨМІРІНЕН SMS-ХАБАРЛАМАЛАР ЖІБЕРІЛЕДІ
Қазақстанда скринингтерден уақтылы өтуге, вакцинация туралы мәліметтерді тексеруге және көрсетілген медициналық қызметтерді растауға арналған жаңа цифрлық сервистер енгізілуде. 19 қазаннан бастап скринингтер туралы SMS-хабарламалар жіберу бойынша пилоттық жоба іске қосылады. Ал 2026 жылғы 26 қазаннан бастап бүкіл ел бойынша жүргізілген екпелер туралы хабарламаларды іске қосу жоспарланып отыр.
19 қазаннан бастап Ақмола облысында, Абай және Ұлытау облыстарында 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы скринингтен өту қажеттігі туралы жеке SMS-ескертулер жіберу жоспарлануда.
Жүйе жүрек-қан тамырлары және онкологиялық ауруларды, қант диабетін, ми қан айналымының бұзылуын, сондай-ақ вирустық гепатиттерді ерте анықтауды қоса алғанда, алты бағыт бойынша профилактикалық тексеруден өтуі қажет азаматтарды автоматты түрде анықтайды.
Хабарлама алған азамат тексеруден өту үшін өзі тіркелген емханаға жүгіне алады.
2026 жылғы 26 қазаннан бастап бүкіл ел бойынша жүргізілген вакцинация туралы SMS-хабарламаларды іске қосу жоспарланып отыр. Екпе медициналық ақпараттық жүйеде тіркелгеннен кейін азаматқа немесе баланың заңды өкіліне вакцинаның түрі мен егілген күні көрсетілген хабарлама жіберіледі.
Егер хабарламадағы мәліметтер шындыққа сәйкес келмесе, азамат 1414 нөміріне жауап SMS-хабарламасын жіберу арқылы бұл туралы хабарлай алады. Ақпарат тексеру үшін Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне жолданады.
Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметтердің көрсетілгенін растауға мүмкіндік беретін науқастарды цифрлық сәйкестендіру жүйесін кеңейтіп жатыр.
2026 жылғы 7 қазандағы жағдай бойынша тіркелген 135,9 млн қабылдаудың 73%-ы цифрлық сәйкестендіруден өткен.
Қазіргі уақытта бұл тетік медициналық қызметтің 1 278 түрін қамтиды. 2026 жылғы 1 желтоқсаннан бастап тізімді консультациялардың, диагностикалық зерттеулер мен медициналық рәсімдердің тағы 736 түрімен толықтыру жоспарлануда.
Цифрлық сервистерді енгізу профилактикалық тексерулердің қолжетімділігін арттыруға, науқастардың құқықтарын қорғауға, медициналық деректердің дұрыстығын қамтамасыз етуге және денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың ашықтығын арттыруға бағытталған.