Үндістанның Нью-Дели қаласында пара армрестлингтен әлем чемпионаты өтті. Ауқымды жарысқа әлемнің 25 елінен 500-ден астам спортшы қатысты. Әлем біріншілігінде ел намысын қорғаған астаналық спортшылар жоғары нәтиже көрсетіп, 2 алтын, 4 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Атап айтқанда, Бекзат Бүркітов сол қолмен күрестен әлем чемпионы атанып, оң қолмен күрестен күміс медаль иеленді. Есенгелді Мақенай оң қолмен күрестен алтын медаль жеңіп алып, әлем чемпионы атанды.
Сонымен қатар Никита Ермаков сол қолмен күрестен күміс жүлдеге ие болды. Ал Арыслан Әбдеханов сол және оң қолмен күрестен екі күміс медаль жеңіп алды. Нұрлан Балтабай оң қолмен күрестен қола жүлдегер атанды.
Осылайша, елордалық спортшылар әлем чемпионатында жалпы саны 7 медаль жеңіп алып, халықаралық аренада жоғары шеберліктерін тағы бір мәрте дәлелдеді.