Қазақстанда аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар балабақшада бюджет есебінен тамақтанады

Мемлекет атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алуға құқығы бар көпбалалы отбасылардың балаларына балабақшада тамақтануға жұмсалатын шығынды толық өтейді.
Үкімет азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету қағидаларына толықтырулар енгізді. Онда былай делінген:
«Атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар көпбалалы отбасылардың балаларына, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балаларға мектепке дейінгі ұйымдарға барған кезеңде тамақтануға кеткен шығындар жергілікті бюджет қаражаты есебінен 100% көлемінде өтеледі».
Сондай-ақ, ҚР Үкіметінің қаулысында білім алу кезеңінде әлеуметтік көмек білім беру ұйымдары немесе Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары тарапынан келесі құжаттар қоса тіркелген өтініш негізінде көрсетіледі:
көпбалалы отбасылардан шыққан балалар үшін — туу туралы куәліктің көшірмесі;
жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, отбасында тәрбиеленіп жатқан балалар үшін — қамқоршылық (қорғаншылық) белгіленгені туралы анықтаманың көшірмесі;
жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, патронаттық тәрбиеге немесе қабылдаушы отбасына берілген балалар үшін — бала (балалар) патронаттық тәрбиеге немесе қабылдаушы отбасына берілгені туралы шарттың көшірмесі;
мүмкіндігі шектеулі балалар үшін — мүгедектік туралы анықтамалар немесе психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысының көшірмесі;
мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан шыққан балалар үшін — жергілікті атқарушы органдар беретін атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарында екендігін растайтын анықтама;
мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен аспайтын отбасылардан шыққан балалар үшін — алынған кірістер туралы мәліметтер (ата-ананың немесе оларды алмастыратын тұлғалардың жалақысы, кәсіпкерлік және басқа да қызмет түрлерінен түскен табыстар, балалар мен басқа да асырауындағы адамдар үшін алимент түріндегі кірістер);
техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының білікті жұмыс кадрларын даярлауға бағытталған білім беру бағдарламалары бойынша оқып жатқан студенттер үшін — оқу орнына қабылданғаны туралы бұйрық көшірмесі.