10 мыңға жуық елордалық көпбалалы отбасыдан шыққан және ата-аналарының қарауынсыз қалған балаларға жазғы лагерге жолдама беріледі, деп хабарлайды Елорда Инфо.
10 мыңға жуық елордалық жетім балалар мен көпбалалы отбасыдан шыққан балаларға жазғы демалыс ұйымдастырылады. Бұл туралы астана әкімі Бахыт Сұлтанов «Сарыарқа» ауданының көпбалалы аналарымен өткізген кездесуінде айтты.
Қала әкімінің айтуынша, астанада көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қорғауға бағытталған бірқатар әлеуметтік іс-шаралар өткізілуде. Тумасынан мүгедектігі бар балалар мен 18 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі жандар және олардың қамқоршылары қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі енгізілуде.
«Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 1-11 сынып оқушылары жаңа оқу жылынан бастап мектепте ыстық тағаммен қамтамасыз етіледі. Аталмыш көмек көрсететін жалғыз қала – Нұр-Сұлтан. Барлықтарыңыз білетіндей, бізде бұған дейін тек қана бастауыш сынып оқушылары тегін тамақпен қамтамасыз етілген. Ал енді бұндай көмек көпбалалы отбасыдан шыққан балаларға 11 сыныпқа дейін көрсетілетін болады», — деп Бахыт Сұлтанов түсіндіріп кетті.
Қала әкімі «Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап көпбалалы отбасыдан шыққан балалар, оқушы болсын, колледж және университет студенті болсын, қоғамдық көліктерде тегін жол жүру билетімен қамтамасыз етілетін болады,- деп атап өтті.
«Бұл да қосымша көмек. Жазда көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға және жетім балаларға демалыс ұйымдастырылады. 10 мың бала осындай көмек алады. Осы мақсатта қала бюджетінен 500 млн теңге қосымша қаржы бөлу қарастырылуда. Сондай-ақ, аз қамтылған және көпбалалы отбасыдан шыққан елордалық оқушыларды мектеп формасымен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен 638 млн теңге және осы санатқа жататын отбасыдан шыққан бүлдіршіндерді балабақшамен қамту мақсатында 513 млн теңге қаржы бөлінеді», — деді Бақыт Сұлтанов