1 қазанда атап өтілетін Қарттар күніне орай елордадағы зейнеткерлерге біржолғы әлеуметтік төлем беріледі, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерін белгілеу және Астана қаласында көмекке мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларына сәйкес, елордада тіркелген жасына байланысты зейнеткерлерге, сондай-ақ зейнетақының ең төменгі мөлшерін алушылар қатарындағы зейнет жасындағы адамдарға 2,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем қарастырылған.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-тың Астана қаласы бойынша ұсынған тізіміне сәйкес, әлеуметтік көмекпен 110 мыңнан астам жасына байланысты зейнеткер қамтылады.