Негізгі тізімнен 1 064 қатысушы «Отбасы банктен» 12 млрд теңгеден астам сомаға қарыз алды.
Негізгі тізімдегі 1000-нан астам адам «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша қолдау алды, деп хабарлайды «Отбасы банк» АҚ баспасөз қызметі.
2021 жылғы 12 сәуір мен 26 мамыр аралығында «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысуға 37 000-нан астам өтініш қабылданды. Өтінімдерді бөлу кезінде мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға және көп балалы отбасыларға басымдық берілді.
16 тамызда «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша негізгі тізімнен үміткерлерді іріктеу (төлем қабілеттілігін есептеу) мерзімі аяқталды. Негізгі тізімнен 1 064 қатысушы «Отбасы банктен» 12 млрд теңгеден астам сомаға қарыз алды. Олар:
— мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар-703 адам (8,2 млрд теңге);
— көп балалы отбасылар (оның ішінде «Алтын алқа», «Күміс алқа», I және II дәрежелі «Ана даңқы» немесе «Батыр Ана» атағы бар көп балалы аналар)-282 адам (3,2 млрд теңге);
— толық емес отбасылар — 79 адам (880 млн теңге).
Өңірлер тұрғысынан ең көп қарыз Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары алды – 143, одан кейін Алматы облысы – 112, Маңғыстау облысы – 94, Алматы қаласы – 91, Жамбыл облысы – 84, Ақтөбе облысы – 77, Қарағанды облысы – 74.
Негізгі тізімдегі тағы 2 991 қатысушы өздерінің төлем қабілеттілігін растады және қазіргі уақытта жалпы сомасы 35,5 млрд теңгеге қолайлы тұрғын үй іздеумен айналысуда. Оның ішінде:
Мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар – 1 759 адам (20,9 млрд теңге);
Көп балалы отбасылар («Алтын алқа», «Күміс алқа», I және II дәрежелі «Ана даңқы» немесе «Батыр Ана» атағы бар көп балалы аналар)-970 адам (11,6 млрд теңге);
Толық емес отбасылар — 262 адам (3 млрд теңге).