Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі қысқы және жазғы демалыс кезеңінде қалааралық теміржол және автомобиль көлігінде (таксиден басқа) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алушылар үшін өтемақы төлеу арқылы жеңілдікпен жол жүруді қамтамасыз ету қағидаларына өзгерістер енгізу туралы бұйрық дайындады.
Сонымен, жол жүру өтемақысы келесі санаттарға төленеді:
-техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беретін оқу орындарында күндізгі оқу нысанында оқитындарға жылына екі рет, қысқы және жазғы каникул кезеңінде, тиісті жылға арналған республикалық бюджет туралы заңмен жыл сайын бекітілетін айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 2 еселенген мөлшерінде;
— техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беретін оқу орындарының түлектеріне-жылына бір рет 2 еселенген АЕК мөлшерінде;
— жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттеріне, магистранттарға жылына екі рет, қысқы және жазғы каникул кезеңінде 4 еселенген АЕК мөлшерінде;
— жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының дайындық бөлімдерінің тыңдаушыларына-жылына бір рет 4 еселенген АЕК мөлшерінде;
— жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының түлектеріне-жылына бір рет 4 еселенген АЕК мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді.
1 АЕК қазіргі уақытта 2 917 теңгені құрайды.
Бұдан басқа, білім алушыларға жол жүру өтемақысы жыл сайын: ақпан және маусым айларында, білім алушылардың карт-шоттарына қаражат аудару немесе қолма-қол төлемдер арқылы жүргізілетіні туралы тармақ толықтырылды.
Жол жүру үшін өтемақы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының академиялық күнтізбесіне сәйкес қысқы және жазғы каникул кезеңінде қалааралық теміржол және автомобиль көлігімен жол жүруді растайтын құжаттар (электрондық билеттер, билеттің көшірмелері) болған кезде төленеді, — делінген толықтыруда.
Құжат 27 шілдеге дейін «Ашық НҚА» сайтында жария талқылау үшін орналастырылған.