21 тамыз бен 31 қазан аралығында елордада әр сенбі мен жексенбіде облыстық ауыл шаруашылық жәрмеңкелері өтеді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.
Жәрмеңкелер Тұран даңғылы мен Дінмұхамед Қонаев көшесінің қиылысында, «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығының жанындағы алаңда өтеді. Азық-түлік өнімдері өңірлік өндірушілерден делдалсыз тікелей сатылатын болады.
Дәстүр бойынша жәрмеңкені Түркістан облысының тауар өндірушілері ашады. 50-ге жуық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері елордаға 500 тоннадан астам өнім әкеледі. Оның ішінде 99 тонна ет және ет өнімдері, 75 тонна сүт өнімдері, 152 тонна көкөністер, 21 тонна жемістер, 23 тонна картоп, 20 мың дана тауық жұмыртқасы, 11 тонна балық, 2 тонна бал, 31 тонна кептірілген жемістер мен түрлі консервілер, 8 тонна басқа да өнімдер болады.
Қазақстан өндірушілерінің барлығы дерлік қыркүйек пен қазан айларында елордаға баратыны хабарланды.
Жәрмеңкеге түрлі өнімдер қойылады. Мысалы Шығыс Қазақстан облысы мүйізден жасалған өнімдердің бүкіл желісін, сондай-ақ табиғи балды әкелетін болады. Алматы облысы елорда тұрғындары мен қонақтарын әйгілі «апорт» сортымен қуантады, қала тұрғындарын құс етімен Солтүстік Қазақстан облысының өндірушілері қуантады. Павлодар мен Қостанай облыстарынан көкөніс өнімдері мен сиыр еті, жылқы еті, қозы етінің кең ассортименті әкелінетін болады.
Жәрмеңке өткізу туралы қосымша ақпаратты Нұр-Сұлтан қаласының инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасынан алуға болады (телефондары: 556978, 556899).
Естеріңізге сала кетейік, жәрмеңке кезінде келушілер барлық санитарлық нормаларды қатаң сақтауы керек: маска режимі, әлеуметтік қашықтық, антисептиктерді қолдану.