Астана қаласының Жастар саясаты басқармасы елордалық жас отбасыларға отбасылық құндылықтарды насихаттау және бала тәрбиесі бойынша семинарлар өткізуде, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Семинар-тренингтер жыл сайынғы «Отбасы-бақыт мекені» жобасы аясында өткізілуде. Жас елордалық отбасылардан қатысуға 100-ден астам өтінім түсті.
«Біздің басты мақсатымыз – отбасы құндылықтарын қалыптастыру. Қатысушылармен білікті мамандар мен психологтар жұмыс істейді. Кездесулерде отбасылық қарым-қатынасты нығайту, баланы жоспарлау, тәрбиелеу сияқты тақырыптар қозғалады. Биылғы жылға барлығы 4 семинар-тренинг жоспарланған», — деді «Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы» ММ-нің басшысы Ажар Саргубенова.
Сондай-ақ жас отбасылар әлеуметтік желілерде «Көңілді старт» эстафетасына, интерактивті ойындар мен интеллектуалдық турнирлерге, фото және бейнебайқауларға қатыса алады.
«Мәдениет, ұлттық салт-дәстүр және адамгершілік құндылықтар негізінде неке және отбасы институтын нығайтуға бағытталған «Үздік жас отбасы» байқауы да өткізіледі», — деді басқарма басшысы.
«Отбасы-бақыт мекені» жобасының жеңімпаздары мен белсенді қатысушыларын бағалы сыйлықтар күтуде.