24 қарашада Астанада Орталық Азия әлеуметтік кәсіпкерлерінің бірінші құрылтайы өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Мұндай ауқымды шарада алғаш рет Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түркіменстанның әлеуметтік кәсіпкерлік жетекшілері бас қосады. Құрылтайға 300-ден астам әлеуметтік кәсіпкер, сонымен қатар мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, қоғамдық пікір көшбасшылары мен азаматтық белсенділер қатысады деп күтілуде.
Форум барысында сарапшылар Орталық Азиядағы табысты әлеуметтік кәсіпкерлік жобаларының тәжірибесімен бөліседі, әлеуметтік мәселелерді әлеуметтік кәсіпкерлік арқылы шешудің инновациялық тәсілдері, әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдаудағы мемлекеттің рөлі, әлеуметтік бастамаларды қаржыландыру тетіктері туралы әңгімелейді.
Талқылаудың маңызды тақырыптарының бірі Орталық Азия елдерінің әлеуметтік кәсіпкерлері, мемлекеттік органдары және бизнес-қоғамдастықтары арасындағы серіктестікті нығайтуға арналады.
Құрылтай Қазақстандық әлеуметтік инноваторлар қауымдастығының (ӘСИ) бастамасымен және ҚР Ұлттық экономика министрлігінің, Орталық Азия елдері депутаттарының, Астана қаласы әкімдігінің, сондай-ақ Еуразиялық ресурстар тобының (ERG) қолдауымен өтеді.