Joltap: әлеуметтік жоба Астана тұрғынына өз тігін шеберханасын ашуға қалай көмектесті
JOLTAP жобасы аясында елордада екі мыңнан астам жұмыссыз жандар қысқа мерзімді тегін курстарды аяқтады. Қала әкімдігі жүзеге асырып жатқан ауқымды жобаның арқасында тұрғындар жұмыс тауып, материалдық жағдайын жақсартып, жаңа мамандықтарды меңгеруде, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Бұл жоба аясында азаматтар цифрлық және жұмысшы мамандықтар бойынша оқытылып, сертификаттар алады. Бүгінгі таңда жобаға қатысушылардың бір бөлігі техникалық мамандықтарды меңгерсе, енді бірі цифрлық саланың тілін меңгерген.
Солардың бірі – астаналық Санат Мәмешова. Ол біраз уақыт білім саласында қызмет етті. Алайда бала кезінен дизайнер болуды армандаған астаналық келіншек жеке тігін ательесін ашуды ойлаған.
«2021 жылы бала күтіміне байланысты декреттік демалысқа шықтым. Осы уақытта үйде отырып бала күнгі арманымды жүзеге асыруды ойладым. Былтыр күзде осы жоба жайлы естідім. Кейін қаладағы «Бaршaғa мүмкіндік» модульдік пунктерінің біріне барып, тігін саласы бойынша тегін оқыту курсына жазылдым», — деді жобаға қатысушы.
Кәсіпкер әйелдің айтуынша, бір айдың ішінде ол тігіншілікті толық меңгеріп үлгерген. Себебі сабақтар күр сайын өтіп отырды.
«Тігін саласы бойынша оқу курсы бір айға созылды. Курс барысында көптеген сұрақтарға жауап алдық. Мен өзім де іздейтінмін. Тәжірибе барысында көп нәрсені көрсетіп, үйретті. Бастысы оқытушылар – өте қарапайым. Мәселен, егер сіз жекеменшік оқыту орталықтарына барсаңыз, онда сізді аптасына бір рет ғана оқытады. Ал мұнда біз күн сайын оқыдық. Тіпті сенбі күні сабақ болды», — дейді кәсіпкер әйел.
Осылайша ол тігіншілік курсында тегін оқу мен қатар жинаған тәжірибесінің арқасында өзінің көптен күткен жеке ательесін ашып, кәсібін бастап кеткен. Оның пікірінше соңғы кезде ұлттық нақыштағы киімдерге сұраныс артып келеді екен.
«Бүгінгі таңда қазақи нақыштағы заманауи үлгідегі киім-кешектер, кимешектер тігеміз. Сондай-ақ, арнайы тапсырыстар қабылдаймыз. Арасында киімдердің стилін өзгертіп тұрамын. Қазіргі кезде ұлттық нақыштағы киімдерге сұраныс артқан. Елордалықтар күнделікті өмірде ұлттық ою-өрнектермен безендірілген киімдерді киіп жүруді сәнге айналдырған», — дейді кейіпкеріміз.
Осы уақытқа дейін түрлі көрмелерге де қатысты.
Санат Мәмешова тігіншілікке ынталы бірнеше қызды жұмысқа алды.
«JOLTAP жобасының көпке тигізер пайдасы мол. Бұл арқылы әр адам жаңа мамандық игере алады болмаса қосымша біліктілігін арттырады. Мәселен, тігінді білу әр қыз-келіншекке қажет дүние деп есептеймін. Байқасаңыз, қазір ине ұстамайтын әйелдер көбейіп кеткен. Тіпті үйде бала-шағасының киімдерін тігіп беріп отырса, қандай керемет», — деп сөзін түйіндеді Санат Мамешова.
Айта кетейік талай адамға жаңа мүмкіндігін жүзеге асыруға жағдай жасаған аталған жоба Астана қаласы әкімдігінің бастамасымен жүзеге асып отыр. Жобаға 18 бен 50 жас аралығындағы кез-келген елордалық қатыса алады. Әкімдік өкілдерінің айтуынша жоба қала тұрғындарының табысын арттыруды мақсат етеді.
«JOLTAP жобасы Астана қаласы әкімдігінің бастамасымен және «Жаңа мүмкіндік» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Оған қатысуға ниет білдірген кез-келген қала тұрғыны үшін жоба қолжетімді. Негізгі мақсат – астаналықтардың табысын арттыруға жағдай жасау, сол арқылы елордалықтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту», — деді жоба менеджері Ерасыл Ділдәйім.