Шымкентте атышулы видеодан кейін тәрбиеші жұмыстан шығарылды
Желіде мекеме қызметкерінің балаларға физикалық күш көрсеткені бейнеленген видео жарияланған соң Шымкент қалалық полиция департаменті қаладағы балабақшалардың біріне қатысты тергеу жұмыстарын бастады.
Әлеуметтік желіде жарияланған видеода балабақша қызметкерінің балалар төсегіне жақындап, баланы еденге лақтырып жібергенін көруге болады. Содан кейін ол еденде отырған қызды көтерейін деп қолынан жұлқып қалады, қызды көтере алмаған соң аяғынан ұстап сүйреген. Осы кезде жақын жерде отырған тағы бір баланы әйел бір сәтте бетінен ұрып, төсекке қарай итеріп жібереді.
Қалалық полиция департаменті оқиғаның жай-жапсарын жарияламады, бірақ бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Қазіргі уақытта жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде», — деп хабарлады ведомстводан.
Оқиға туралы ақпарат белгілі болған соң, тәрбиеші жұмыстан босатылғанын Шымкент білім басқармасы хабарлады.
Тегтер: балабақша, тәрбиеші, ұрып-соғу, тергеу жұмыстары.