Елорданың Сарайшық ауданында Наурызнама онкүндігі аясында ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған «Көрісі күні – Амал мерекесі» атты танымдық іс-шара өтті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Жиында «Бақытты шаңырақ» қоғамдық қорының өкілдері балаларға Көрісу күні мерекесінің маңызы мен қазақ халқының салт-дәстүрлерін ойын арқылы түсіндірді.
«Мұндай мәдени шаралар, әсіресе, ерекше балалар үшін өте маңызды. Көрісу күні, Наурыз сияқты ұлттық мерекелерді білу керек, өйткені бұл олардың рухын көтеріп, көптеген жаңа нәрселерді білуге мүмкіндік береді. Мәселен, бүгін қазақтың ұлттық ойындарына қатысып, салт-дәстүрді біліп, шығармашылықта бақ сынады», — дейді ұйымдастырушы, «Бақытты шаңырақ» қоғамдық қорының қызметкері Жанна Тәкенова.
Балалар арасында түрлі викториналар өткізіліп, арқан тартыс пен орамал тастауда бақ сынап көрді, содан кейін модельдеу бойынша шеберлік сыныбына қатысты.
Жиын соңында Сарайшық ауданы әкімдігінің қолдауымен бүлдіршіндерге сыйлықтар табыс етілді.
«Ұлым екеуміз осындай шараға қатысқанымызға қуаныштымыз. Қызықты іс-шаралар арқылы балаларға салт-дәстүріміз туралы маңызды білім берілгені өте жақсы. Ойындар мен мастер-класс нағыз мерекелік көңіл күй сыйлады, балам қатты қуанды. Соңында берілген сыйлықтар біз үшін ерекше тосынсый болды», — дейді ата-аналардың бірі Мөлдір Пірім.