Елордада Азаматтық бастамалар орталығы коммерциялық емес ұйымдардың, БАҚ өкілдері мен белсенді азаматтардың басын қосқан «ҮЕҰ қонақ бөлмесі» атты шара өткізді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты. Бейресми жағдайда қонақтарға ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға қолдау көрсететін «Бақытты шаңырақ» қорының қызметі туралы айтылды. Кездесу барысында ұйым басшысы Ботагөз Сұлтанова қордың қазіргі жобалары: тегін оңалту, балаларға арналған қосымша сабақтар, шеберлік сабақтары, ата-аналарға арналған оқыту курстары, инклюзивті іс-шаралар, сондай-ақ құқықтық және психологиялық көмек көрсету туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Қазіргі таңда қор 2801 баланы тәрбиелеп отырған 1059 отбасына қамқорлық жасауда, оның 1147-сі мүмкіндігі шектеулі балалар. Презентациядан кейін қатысушылар сұрақтар қойып, өз бақылауларымен бөлісіп, тәжірибе алмасты.