Алматыдағы балалар онкохирургтары жыл сайын ауыр диагнозы бар шамамен 400 баланы ота арқылы емдейді. Жуырда Ұлттық педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының мамандары 15 жастағы қызға өміріне қауіп төндірген алып аналық без ісігін сәтті алып тастады.
Григорий Беденко, тілші:
— 25 мамыр күні Ұлттық педиатрия және балалар хирургиясы орталығына 15 жастағы науқас түсті. Қыз балада қауіпті аналық без ісігі анықталды. Ісік диаметрі 30 сантиметр, салмағы шамамен 4 келі болды. Бұл онкологиялық ауру өлімге алып келуі мүмкін еді, бірақ Орталықтың мамандары аса күрделі отаны сәтті өткізді. Қазір қыз бала үйіне шығарылып, жергілікті дәрігерлердің бақылауында.
Шухрат Розиев, балалар онкохирургы:
— Онкологиялық науқастарға біз әрқашан мультидисциплинарлық тәсілмен қараймыз. Бұл — біздің клиниканың балалар хирургтары, онкогематологтары, анестезиологтары, реаниматологтары мен сәулелік диагностика мамандары кіретін команда. Барлық алып тасталған ісіктер міндетті түрде гистологиялық және иммуногистохимиялық тексеруден өтеді — бұл нақты диагноз қою үшін қажет.
Тағы бір 14 жастағы науқас қыздың өмірі ғана емес, жүру қабілеті де қалпына келтірілді. Алматы облысынан келген бұл қыз бала наурыз айында Орталыққа түскен. Дәрігерлер оған тізе буынындағы қатерлі ісік — остеосаркома диагнозын қойды. Ота кезінде балаға буынның орнына эндопротез орнатылды. Қазір ол химиотерапиядан өтіп жатыр, дәрігерлердің айтуынша, болжам жақсы.
Ұлттық педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында жыл сайын 400-ге жуық күрделі ота жасалады. Басты бағыттардың бірі — онкогематология, яғни қан ауруларын емдеу. Мұнда сүйек кемігін трансплантациялау бойынша инновациялық әдістер қолданылады.
Гаухар Нұржанова, балалар онкологиясы және гематологиясы бөлімінің меңгерушісі:
— Қазіргі таңда шетелге шығатын науқастар саны айтарлықтай азайды. Егер сүйек кемігін трансплантациялау шетелдік клиникада қажет болса, ол тек қосымша патологиясы немесе сирек кездесетін ауруы бар науқастарға қатысты. Жалпы, біздің науқастардың басым бөлігі еліміздегі клиникаларда ем қабылдайды. Қазақстанда жыл сайын балалар арасында 600-ге жуық қатерлі ісік жағдайы анықталады. Олардың ішінде сүйек кемігін ауыстыруды қажет ететін гемобластоздар да бар. Бұл ретте сырқаттану деңгейі тұрақты, орта есеппен — әр 100 мың баланың 10-ы. Инновациялық емдеу әдістері кішкентай науқастардың өмірін ұзартып қана қоймай, оның сапасын да жақсартуға мүмкіндік береді.