2025 жылғы 1 маусымдағы мәлімет бойынша, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 186,5 мың адам қамтылды, 190,6 мың қазақстандық жұмысқа орналастырылды.
Карьера орталықтары арқылы 116,2 мың адам субсидияланатын жұмыс орындарына жіберілді, оның ішінде:
• әлеуметтік жұмыс орындарына – 10,8 мың адам;
• жастар практикасына – 7,8 мың адам;
• қоғамдық жұмыстарға – 83,3 мың адам;
• «Күміс жас» жобасы аясында – 12,8 мың адам;
• «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында – 1,4 мың адам;
• «Ұрпақтар келісімі» жобасы аясында – 59 адам.
Еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқумен 42 мың жұмыссыз қамтылды, оның ішінде 39,4 мың адам оқуды аяқтап, сертификат алды.
«Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне 26,6 мың адам оқытылды, олардың 14,4 мыңы курсты аяқтап, сертификат алды.
Жұмыс берушілердің сұранысы бойынша 1 687 адам кәсіби оқуға жіберілді, оның ішінде 89 адам оқуды аяқтап, 83 адам немесе 93,3% жұмысқа орналастырылды.
Сонымен қатар, қызмет түрін таңдауға көмектесу мақсатында мансап орталықтарында 176,4 мың адам әлеуметтік кәсіптік бағдарлау мен кеңес беру қызметтерін алды.
Айта кету керек, азаматтарды жұмысқа орналастыру бірнеше бағыт бойынша жүзеге асады және олар үшін міндетті зейнетақы жарналарының аударылуымен расталады.
2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 190,6 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде:
• жұмыспен қамтудың белсенді шаралары аясында – 100 мың адам;
• Электрондық еңбек биржасына жұмыс берушілер жариялаған бос орындарға – 44,7 мың адам;
• Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы аясында – 44,8 мың адам;
• Орталық мемлекеттік органдар жүзеге асыратын жобалар аясында – 1,1 мың адам.
Бұған қоса, жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін 2025 жылы әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған 400 АЕК-ке дейінгі (1 572 800 теңге) 9 мың грант беру көзделген. 2025 жылғы 21 мамыр мен 3 маусым аралығында «Business.Enbek» порталында грант алуға үміткерлерден өтінім қабылдаудың бірінші легі өтті. Барлығы 11 479 өтінім қабылданды.