Сенат басшысы Мәулен Әшімбаев бастаған Парламент депутаттарының тобы«OzgeEpic» тұңғыш ірі шығармашылық хабтың қызметімен танысты.
Хабта бірегей этно-мұражай мен шеберхана, сондай-ақ театрландырылған қойылымдар, музыкалық және поэзиялық кештер мен көрмелер өткізуге арналған кеңістік бар. Мұнда өнер арқылы заманымыздың өзекті мәселелерін, қоғамды толғандырып жүрген мәселелерді ашып, оны шешудің стандартты емес жолдарын ұсынады. Инклюзия тақырыбына арналған «ашық әңгіме» әдісінің бірі аутизммен ауыратын балалар туралы қойылым – «OzgeEpic» хабының командалары мен Сенат жанындағы Сарапшылар клубы мүшелерінің бірлескен жобасы. Театр ұжымымен сұхбатында Мәулен Әшімбаев инклюзивті қоғам құру – мемлекет саясатының басым бағыты екенін атап өтті.
Мәулен Әшімбаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы:
— Мүгедектігі бар балаларды оқыту, олардың білім әлемін ашу, олардың қоғамның толыққанды және белсенді бөлігі болуы үшін жұмысқа орналасу мүмкіндігін қамтамасыз ету қажет. Сондықтан бұл бағыттағы бірлескен жұмыс өте маңызды. Ал мемлекет өз тарапынан мұндай бастамаларды әрдайым қолдайтын болады. Мүгедектігі бар адамдарға тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, олардың әлеуметтенуі мен кәсіби өсуі үшін жағдай жасау, сондай-ақ осы саладағы басқа да өзекті мәселелерді шешу үшін кешенді тәсіл маңызды болып табылады. Бұл мәселеде әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық жобалармен шектелуге болмайды. Инклюзивті қоғамды қалыптастыру үшін мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қамту және қолдау мәселелеріне адамдардың көзқарастарын өзгерту де маңызды.