Байқауға өтінімдер 30 қыркүйекке дейін қабылданады.
Қазақстанда әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік қызметкері және үздік әлеуметтік жоба байқауы басталды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Байқау келесі жеті номинация бойынша өтеді:
арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының үздік әлеуметтік қызметкері; үйде күтім көрсету ұйымының үздік әлеуметтік қызметкері; үздік мемлекеттік әлеуметтік инспектор; медициналық-әлеуметтік сараптаманың үздік қызметкері; үздік әлеуметтік педагог (арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесінде); еңбек ұтқырлығы орталығының (мансап орталығының) үздік қызметкері; үздік әлеуметтік жоба.
Қатысу үшін өтінімді, презентация материалдарын және іске асырылып жатқан жұмыс немесе жоба туралы бейнероликті жіберу керек. Өтініштер 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында Qamqor.enbek онлайн платформасы арқылы қабылданады.
«Байқау екі кезеңде өтеді – облыстық және республикалық.
Арнайы комиссия ашықтық, транспаренттілік және кәсіби көзқарас қағидаттарын басшылыққа ала отырып, қатысушыларды бағалайды. Сонымен қатар, платформа электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, онлайн режимінде халықтық дауыс беру мүмкіндігін қарастырады. Комиссия жеңімпаздарды таңдау кезінде оның нәтижелерін ескереді», — деп атап өтті департаментте.
Сонымен қатар, #СоциальныйФлешмоб және #Әлеуметтікфлешмоб хэштегтері арқылы әлеуметтік шақырулар циклі іске қосылуда. Тақырыптық бастамаларға мыналар жатады: «Әлеуметтік қызметкердің өміріндегі бір күн», «Жақсылық ұшқындары», «Әлеуметтік идея» және «Әлеуметтік қызметкерге рахмет». Жеңімпаздар 24 қазанда Астанада Әлеуметтік қызметкерлер күні қарсаңында марапатталады. Қосымша ақпаратты call-орталықтың 1414 телефоны арқылы алуға болады.