Ақмола облысында «Самұрық-Қазына» қолдауымен бесінші инклюзия кабинеті ашылды





Көкшетау қаласындағы №13 «ЭКОС» мектеп-гимназиясында жаңа инклюзияны қолдау кабинеті ашылды. Бұл – Ақмола облысында ашылған бесінші кабинет. Бұған дейін инклюзия сыныптары Оразақ, Қызылжар, Қараменді батыр, Ы.Алтынсарин ауылдарының мектептерінде жабдықталған еді. Нәтижесінде
164 бала инклюзивті біліммен қамтылды.
Жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры іске асырды. Қор мамандарды оқыту мен дайындауды, сондай-ақ кабинетті толықтай инклюзивті жабдықтармен қамтамасыз етуді қаржыландырды.
Көкшетаудағы жаңа ашылған кабинет аумағы 93 шаршы метрді құрайды. Кабинетте сенсорлық бөлмелер, емдік дене шынықтыру және сенсорлық интеграция залы жабдықталған. Мұнда 101 бала жаңа дағдыларға үйренеді болады. Заманауи құрал-жабдықтар мен әдістемелік материалдар балалардың сөйлеу, моторика, сенсорлық қабылдау және қарым-қатынас дағдыларын дамытуға көмектеседі. Бұл тек мектептегі үлгерімге ғана емес, сондай-ақ балаға өзіне сенімді болуға, мектеп өміріне белсенді араласуына және ұжымға бейімделуіне ықпал етеді.
Балалармен 30 маман жұмыс істейді. Олар ерекше балалармен жұмыс істеу бойынша теория, тәжірибе және оқу жылы бойына әдістемелік сүйемелдеу қамтылған арнайы дайындықтан өткен.
«Біз әрбір бала қатарластарымен бірге дамуы үшін мектептерде инклюзия кабинеттері желісін құрып жатырмыз. Маманның қолдауы балаларға тек білім алуға ғана емес, болашақта қажет болатын өмірлік дағдыларды игеруге мүмкіндік береді. Астанада 21 кабинет жұмыс істейді, оларға мыңнан астам ерекше оқушы барады. Бұл астаналық оқушылардың шамамен 40%-ын инклюзивті біліммен қамтуға мүмкіндік берді», – деді «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов кабинеттің ашылуында.
Айта кетейік, Ақмола облысындағы жобаны қор «Baquatty Aimaq Qory»-мен бірлесіп жүзеге асуда. Кабинеттің ашылуына Ақмола облысының әкімдігі, «ANSA», «Esen foundation» қорлары үлес қосты.